Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылардың жекелеген түрлерін тағайындау тәртібі өзгереді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап төлемнің 14 түрін тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы кешенді бағаланады. Жаңа тәсілдің мәні мен өзгерістері туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндірді.
Бұған дейін бірқатар жәрдемақы адамның белгілі бір әлеуметтік санатқа жатуына қарай тағайындалса, енді заңда белгіленген төлемдер бойынша отбасының жалпы әл-ауқаты да ескеріледі. Бұл ретте отбасының әлеуметтік жағдайы объективті көрсеткіштер негізінде бағаланады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, А және В санаттарына жатқызылған отбасыларға жәрдемақының жекелеген түрлерін тағайындау шарттары қайта қаралады. Ал С, D және Е санаттарындағы отбасылар заңнамада көзделген талаптарды сақтаған жағдайда мемлекеттік қолдау алу құқығын толық сақтайды.
Сонымен қатар өзгерістер әлеуметтік көмектің барлық түріне бірдей қатысты емес. Бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 22-сі бұрынғы тәртіппен тағайындала береді. Оларды алу кезінде отбасының жалпы материалдық жағдайы мен әлеуметтік әл-ауқаты ескерілмейді.









