Еңбек қауіпсіздігі жұмыс орнын тексеруден басталады

    Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау – жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды шарттарының бірі. Еңбек міндеттерін орындауға кіріспес бұрын жұмыс орнының, жабдықтардың және жеке қорғаныш құралдарының жай-күйін тексеру ерекше маңызға ие.

    Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігінің негізгі талаптарын еске салады.

    Жұмысты бастамас бұрын нені тексеру қажет?

    Еңбек міндеттерін орындауға кіріспес бұрын жұмыскер өз жұмыс орнын қарап, бөгде заттардың, кедергілердің, төгілген сұйықтықтардың және жарақат алуға әкелуі мүмкін басқа да қауіпті факторлардың жоқтығына көз жеткізуі қажет.

    Жарықтандырудың жеткіліктілігіне, өту жолдарының жай-күйіне, қоршаулардың болуына және басқа да көзделген қауіпсіздік шараларына ерекше назар аудару керек.

    Жабдықтар мен құрал-саймандарды тексеру

    Жабдықтар мен құрал-саймандарды пайдаланар алдында олардың жарамдылығын, көзге көрінетін зақымдардың жоқтығын, қорғаныш құрылғыларының сенімділігін, кабельдер мен басқару тетіктерінің дұрыс жұмыс істеуін тексеру қажет.

    Ақаулар анықталған жағдайда жабдықты пайдалануды тоқтатып, бұл туралы тікелей басшыға хабарлау керек.

    Ақауларды өз бетінше жоюға тиісті біліктілігі және осындай жұмыстарды орындауға рұқсаты бар жұмыскерлерге ғана жол беріледі.

    Жеке қорғаныш құралдарын пайдалану

    Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 181 және 182-баптарына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерді белгіленген талаптарға сай қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге, ал жұмыскерлер берілген қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануға міндетті.

    Арнайы киім, қорғаныш аяқкиімі, каскалар, қолғаптар, көзілдіріктер және басқа да жеке қорғаныш құралдары орындалатын жұмыстың сипатына сәйкес келуге, жарамды күйде болуға және мақсатына сай пайдаланылуға тиіс.

    Жеке қорғаныш құралдарын пайдалану жұмыскердің жеке таңдауы емес, еңбек қауіпсіздігінің міндетті талабы екенін есте ұстаған жөн.

    Қауіп анықталған жағдайда не істеу керек?

    Егер жұмысты бастамас бұрын немесе оны орындау барысында жабдықтардың ақаулары, қауіпсіздік талаптарының бұзылуы не адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар анықталса, жұмыскер бұл туралы тікелей басшысына немесе жұмыс берушіге дереу хабарлауға міндетті.

    Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 181-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жұмыскер жұмыс беруші оны жеке және (немесе) ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпеген жағдайда, сондай-ақ оның денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде бұл туралы тікелей басшысына немесе жұмыс берушіге жазбаша хабарлай отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға құқылы.

    Жұмысты қайта бастауға анықталған қауіп жойылғаннан және қауіпсіз еңбек жағдайлары қамтамасыз етілгеннен кейін ғана жол беріледі.

    Еңбек қауіпсіздігі үшін жауапкершілік

    Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, өндірістік жарақаттанудың алдын алу жөніндегі қажетті шараларды жүргізуге, жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды және оларға нұсқама беруді ұйымдастыруға міндетті.

    Өз кезегінде жұмыскерлер белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, қорғаныш құралдарын пайдалануға және анықталған қауіптер туралы уақтылы хабарлауға міндетті.

    Есте сақтаңыз: қауіпті факторларды уақтылы анықтау және жою арқылы өндірістік жарақаттардың көпшілігінің алдын алуға болады.

    Еңбек қауіпсіздігі әрбір жұмыскердің өз жұмыс орнына мұқият қарауынан және жұмыс берушінің заңнамада белгіленген міндеттерін жауапкершілікпен орындауынан басталады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті" жаңалықтары