Лауазымдарды қоса атқару және уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін орындау: қосымша ақы қашан төленеді?

    Еңбек қатынастарында жұмыскерге өзінің негізгі міндеттерінен бөлек, басқа лауазым бойынша қосымша жұмыс немесе уақытша болмаған әріптесінің міндеттерін орындау тапсырылатын жағдайлар жиі кездеседі.

    Мысалы, бір жұмыскер жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысында немесе уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңінде болған кезде оның міндеттерін басқа жұмыскер уақытша орындайды. Сондай-ақ бос лауазым болған жағдайда қосымша жұмыс сол ұйымда жұмыс істейтін жұмыскерге жүктелуі мүмкін.

    Осыған байланысты жұмыс беруші мұндай жұмыс үшін қосымша ақы төлеуге міндетті ме деген сұрақ туындайды.

    Қосымша ақы төлеу тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 111-бабымен реттеледі.

    Аталған бапқа сәйкес еңбек шартында көзделген негізгі жұмысынан босатылмай, басқа немесе сол лауазым бойынша қосымша жұмысты не уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін орындайтын жұмыскерлерге қосымша ақы төленеді.

    Заңнамада қосымша жұмыстың қандай түрлері көзделген?

    Еңбек кодексінде қосымша жұмыстың үш негізгі түрі қарастырылған:

    • Лауазымдарды қоса атқару – жұмыскердің өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа бос лауазым бойынша қосымша жұмысты орындауы.

    • Қызмет көрсету аймағын кеңейту – жұмыскердің белгіленген жұмыс күні немесе ауысым барысында негізгі жұмысымен қатар қосымша жұмыс көлемін орындауы.

    • Уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін орындау (алмастыру) – жұмыскердің өзінің негізгі жұмысынан босатылмай, сол немесе басқа лауазым бойынша қосымша міндеттерді орындауы.

    Осылайша, егер жұмыскер өзінің негізгі міндеттерін орындауды жалғастыра отырып, оған қосымша жұмыс жүктелсе, мұндай жұмысқа ақы төлеу мәселесі Кодекстің 111-бабымен реттеледі.

    Қосымша ақының мөлшері қалай белгіленеді?

    Еңбек кодексінің 111-бабының 3-тармағына сәйкес қосымша ақының мөлшерін орындалатын қосымша жұмыстың көлеміне қарай жұмыскермен келісім бойынша жұмыс беруші белгілейді.

    Бұл ретте Кодексте барлық жұмыскерлер үшін қосымша ақының бірыңғай белгіленген мөлшері көзделмеген.

    Жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін еңбекақы төлеу ерекшеліктері арнайы нормативтік құқықтық актілермен белгіленуі мүмкін.

    Қосымша жұмыс жүктелген кезде жұмыс беруші мен жұмыскерге оның көлемін, орындалу мерзімін және қосымша ақы мөлшерін алдын ала келісіп алу ұсынылады.

    Егер алмастыру лауазымдық нұсқаулықта бұрыннан көзделген болса ше?

    2026 жылы еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге назар аударған жөн.

    Бұрын Еңбек кодексінің 111-бабында уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру оны алмастыратын жұмыскердің лауазымдық міндеттеріне кіретін болса, мұндай жұмыс үшін қосымша ақы төленбейтіні көзделген болатын.

    Алайда Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 7 сәуірдегі № 277-VIII Заңымен аталған норма алып тасталды.

    Осыған байланысты қосымша ақы төлеу мәселесі Кодекстің 111-бабының қолданыстағы редакциясын және жұмыскердің өзінің негізгі міндеттерімен қатар қосымша жұмысты нақты орындауын ескере отырып қаралуы тиіс.

    Жұмыскер қосымша жұмысты орындаудан бас тарта ала ма?

    Еңбек кодексінің 111-бабының 4-тармағына сәйкес жұмыскер қосымша жұмысты орындаудан бас тартуға, ал жұмыс беруші оны орындау туралы тапсырманың күшін жоюға құқылы.

    Бұл ретте қосымша жұмысты тоқтатуға бастамашылық жасаған тарап екінші тарапты қосымша жұмыс тоқтатылғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын хабардар етуге міндетті.

    Қосымша жұмысты орындау мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда жұмыс беруші жұмыскерге нақты жұмыс істеген кезеңі үшін тиесілі еңбекақыны төлеуге міндетті.

    Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті жұмыс берушілерге жұмыскерлерге қосымша жұмыс жүктеу және тиісті қосымша ақы белгілеу кезінде еңбек заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігін еске салады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті" жаңалықтары