Шымкентте ересектер арасында теңге ілуден ҚР чемпионаты басталды. Жаңа ипподромда өтіп жатқан ел чемпионатына еліміздің 12 облысынан 45 спортшы жиналды. Республикалық жарыстың алғашқы күні шаһар спортшылары екі алтын және бір қола медаль жеңіп алды.
Бүгін чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Екі күнге созылатын жарыс барысында қатысушылар «Қос құлаш», «Бес белес» және «Алтын тұяқ» атты үш бағыт бойынша өз шеберліктерін сынайды.
Теңге ілу – шабандоздан ептілікті, сондай-ақ, атты сенімді басқару қабілетін талап ететін ұлттық ат спорты түрлерінің бірі. Спортшының басты міндеті – ат үстінен жердегі теңгені еңкейіп іліп алу. Бұл сайыста жоғары физикалық дайындық, қимыл дәлдігі және шабандоз бен сәйгүліктің үйлесімді әрекеті маңызды рөл атқарады.
Жарыстың алғашқы күнінде ипподромда екі бағыт бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. «Бес белес» стилі бойынша Шымкент қаласының өкілі Түлкібай Азат алтын медаль иеленді. Күміс жүлде Әсімжан Нариманға бұйырса, үшінші орынды тағы бір шымкенттік спортшы Төлтай Бақыт қанжығасына байлады.
Шымкенттік шабандоздар «Қос құлаш» бағыты бойынша да жоғары нәтиже көрсетті. Бұл сайыста Амангелді Ұлағат бірінші орынға ие болды. Жасұзақ Ернар күміс медаль иеленсе, Әлиев Данияр қола жүлдені қанжығалады.
Осылайша, жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша шымкенттік шабандоздар үш медаль жеңіп алды. Оның екеуі – алтын жүлде.
Чемпионат 2 қарашада жалғасады. Жарыстың соңғы күні спортшылар «Алтын тұяқ» бағыты бойынша мықтыларды анықтайды. Бұл санатта Шымкент намысын екі спортшы қорғап, еліміздің өзге өңірлерінен келген шабандоздармен бақ сынайды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







