ҚР Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Ж.Қаражанов 2026 жылдың ІІ жартыжылдығына жоспарланған кент және ауылдық округ тұрғындарымен кездесуін аудан орталығында Құлсары қаласы тұрғындарымен кездесуімен қорытындылады.
Аудан басшысы Құлсары қаласындағы Жадырасын, Солтүстік және Оңтүстік аэропорт ықшамаудандарының тұрғындарымен кездесіп, 2022–2026 жылдар аралығында халықпен өткен кездесулерде көтерілген мәселелер мен олардың орындалу барысына тоқталды.
Кездесуге аудан прокуроры, полиция басшылығы, жергілікті атқарушы органдар мен мекеме басшылары, квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тұрғындар бірнеше көшенің көше жарығын қосу, балалар ойын алаңдарын орнату, білім беру нысандарының қажеттілігі, жұмыссыздық, абаттандыру, көгалдандыру және мәдениет ошақтарын ашу мәселелерін көтерді.
Аудан әкімі Ж.Қаражанов аталған ұсыныстар бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жұмыстар реттілігіне сәйкес атқарылатындығын айтты.
«Әрбір ұсыныс зерделеніп, қолданыстағы заңнама мен нақты мүмкіндіктерге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Біздің мақсатымыз – қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі түрде шешу»,-деді аудан әкімі.
Кездесуден кейін аудан әкімі Ж.Қаражанов аудан прокуроры М.Рахимовпен бірге тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жеке қабылдау барысында азаматтардың өтініштері тыңдалып, қолданыстағы заңнама аясында түсініктемелер берілді. Сонымен қатар аудан басшысы жауапты сала басшыларына көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, шешу жолдарын қарастыру жөнінде тиісті тапсырмалар жүктеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









