ҚР Хьюстон қаласындағы Бас консулы Ғабидолла Оспанқұлов пен Консулдықтың кеңесшісі Алмат Абжанов Texas Qazaq Foundation қоғамдық қорының кеңсесіне барып, оның қызметімен танысты.
Қордың атқарушы директоры Алаш Меңдібаевпен, басшылығы және белсенді өкілдерімен өткен кездесуде ортақ ой-пікірлер ортаға салынып, алдағы жоспарлар талқыланды.
АҚШ-тағы отандастарды біріктіріп, мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асырып келе жатқан Texas Qazaq Foundation Хьюстондағы қазақ қауымдастығының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Қордың басты миссиясы – қазақ халқының мәдениетін, ұлттық мұрасын, тілін және дәстүрлерін сақтау мен дәріптеу, сондай-ақ білім беру, мәдениет және спорт бағдарламаларын дамыту, жастардың көшбасшылық әлеуетін арттыру және Техас қоғамының қоғамдық өміріне белсенді араласуына жағдай жасау.
Сонымен қатар қор қазақ және америкалық қауымдастықтар арасындағы өзара түсіністік пен достық байланысты нығайтуға, мәдени алмасуды дамытуға және екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруда.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – қор жанынан құрылған Houston Qazaq School (Хьюстон қазақ мектебі). Мектепте балалар қазақ тілі мен әдебиетін үйреніп, домбыра тарту және ұлттық би өнері бойынша дәріс алады.
Мұндай бастамалар жас ұрпақтың ана тіліне, ұлттық мәдениеті мен тарихи мұрасына деген құрметін қалыптастырып, қазақы болмыстың шетелде сақталуына және келер ұрпаққа сабақтастықпен жеткізілуіне ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







