Қазақстан Республикасының Хьюстон қаласындағы Бас консулы Ғабидолла Оспанқұлов Техас штатының Мемлекеттік хатшысы Роберт С. Хоуденмен Капитолийде кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Техас штаты арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылап, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, инвестициялар тартуға және іскерлік байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды.
Бас консул Техастың Қазақстанның АҚШ-тағы негізгі экономикалық әріптестерінің бірі ретіндегі әлеуетін атап өтті. Сонымен қатар энергетика, технологиялық даму, өнеркәсіптік өндіріс және сауда салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі жандандыру, сондай-ақ екі тараптың іскерлік топтары арасындағы өзара тиімді әріптестікті кеңейту мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Кездесу барысында Қазақстан мен Техас арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға және ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесудегі Бас консулдықтың маңызды рөлі атап өтілді. Сондай-ақ Хьюстон қаласында жақын арада консулдық қызметтер көрсетудің басталуы жоспарланып отырғаны туралы айтылды. Тараптар білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларды қоса алғанда, әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







