Энергияны тиімді қолданатын экономика: өнеркәсіп, құрылыс және ТКШ салалары қамтылды

    Қазақстанда экономиканың энергетикалық тұрғыда тиімділігін арттыруға және тиісті ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған кешенді шаралар өнеркәсіп, тұрғын үй секторы мен бюджеттік ұйымдарды қамтиды.

    Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын дамыту тұжырымдамасында экономиканың энергия сыйымдылығын 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 10%-ға төмендетудің нысаналы индикаторына қол жеткізу көзделген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 4,1%-ға төмендеді. Бұл оң динамиканы көрсетеді.

    2021 жылдан бері өнеркәсіп саласыныі түпкілікті энергия тұтыну бойынша үлесі 9,5%-ға қысқарды. Бұған мемлекеттік реттеу шараларын жүзеге асыру ықпал етті. Міндетті энергетикалық тексеруден өтуге тиіс 512 өнеркәсіп орнының 337-сі энергоаудиттен өтті. Олардың 239-ы 2026-2030 жылдарға арналған энергия үнемдеу жөніндегі іс-шаралар жоспарларын бекітті. Тағы 175 кәсіпорында энергетикалық аудит жүргізу 2027-2029 жылдарға жоспарланған.

    Кейінгі 10 жылда елімізде автоматтандырылған жылу қондырғыларымен және энергия үнемдейтін жарықтандыру құралдарымен жабдықталған 17 309 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бюджет секторының 665 ұйымы автоматтандырылған жылу пункттерімен жабдықталған.

    Нормативтік базаны жетілдіру аясында Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілді, энергетикалық аудит жүргізуге қойылатын талаптар толықтырылды, сатып алу кезінде энергия үнемдеу талаптары қолданылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі жаңартылды.

    Халық арасында энергия үнемдеуді насихаттау да жеке бағыт ретінде қолға алынды. Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының (GIZ) қолдауымен 2025-2026 жылдарға жоспарланған тұрғын үй секторында энергия тиімділігін арттыруға бағытталған ақпараттық науқан жүзеге асырылуда.

    Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) бірлесіп, энергия тиімділігін арттыру жобасының нәтижелері, оның ішінде энергия тұтынуы нөлге тең ғимараттарды (ZEB/ZEH) дамыту жөніндегі жол картасы таныстырылды. Халықаралық күн тәртібі аясында Қазақстан энергетикалық тұрғыда тиімді құрылыс пен климаттық тұрақтылық мәселелеріне қатысты жұмыстарды да ілгерілетіп келеді.

    Жүзеге асырылып жатқан шаралар Қазақстан экономикасының энергия тиімділігін одан әрі арттыруға және барлық негізгі секторларға заманауи технологияларды енгізуге негіз қалайды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары