Бразилияның Сеара штаты Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

    1 / 6

    Форталеза қаласы, 2026 жылғы 11 қараша– ҚР-дың Бразилиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіпов Бразилияның солтүстік-шығысындағы Сеара штатына жұмыс сапары аясында штаттың вице-губернаторы Габриэлла Агиармен кездесті.

    Сапар, Сеара штатының Үкіметі мен «Бразилия–Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасының шақыруымен ұйымдастырылды.

    Тараптар кездесу барысында Қазақстан мен Сеара штаты арасындағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.Атап айтқанда, өзара сауда көлемін ұлғайту, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру және озық жасыл технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, өзара қызығушылық тудыратын мәдениет пен білім беру салаларындағы бірқатар жобалар бойынша пікір алмасылды.

    Елші Б.Нүсіпов сұхбаттасушысын Президент Луланың сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтап, Бразилия тарапын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» аясындағы Жолдауында айқындалған Қазақстан дамуының басым бағыттарымен таныстырды.

    Бұл ретте, Бразилияның федеративтік құрылымын ескере отырып, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген бірқатар бағыт бойынша өңірлік ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

    Тараптар, Сеара штаты мен Қазақстанның өңірлерінің бірі арасында серіктестік байланыстар орнату, сондай-ақ 2027 жылы Форталеза қаласында екі елдің сауда-экономикалық әлеуетін таныстыру мүмкіндіктерін қарастырды.Габриэлла Агиар өз кезегінде, Сеара штатын дамытудың негізгі бағыттарын таныстырып, экономика, сауда және білім беру салаларында Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін атап өтті.

    Осыған орай, бірлескен жоспарларды іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында, оған штат астанасында Қазақстанның Құрметті консулдығын ашу ұсынылды.Құрметті консул лауазымына өңірге танымал кәсіпкер және қоғам қайраткері, «Бразилия–Қазақстан» сауда палатасы басқармасының мүшесі Серджио Фонтелеза кандидатурасы ұсынылды.

    Тараптар, кездесу қорытындысы бойынша екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға, сындарлы диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен Сеара штаты арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын пысықтауға өзара мүдделілігін растады.

    Кездесу соңында Қазақстанның Елшісі Сеара штатының Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

    Анықтама: Сеара штаты Бразилияның солтүстік-шығыс бөлігінде, Атлант мұхитының жағалауында орналасқан.Штат экономикасының негізін ауыл шаруашылығы, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, мал және құс шаруашылығы құрайды. Өңірде тоқыма, ет консервілеу және қант өнеркәсібі белсенді дамып келеді. Атлант мұхиты жағалауындағы ірі теңіз порты штаттың сыртқы сауда айналымында маңызды рөл атқарады. Аталған штат Бразилияның қазіргі Президенті жүргізіп отырған саяси және әлеуметтік-экономикалық саясатты қолдайтын өңірлердің бірі болып табылады

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары