Форталеза қ., 2026 ж. 11 қараша– Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіпов Бразилияның солтүстік-шығысында орналасқан Сеара штатына жасаған жұмыс сапары барысында Сеара штаты Өнеркәсіп федерациясы (FIEC) президентінің бірінші орынбасары Карлус Прадомен кездесті.
Сапар Сеара штаты Үкіметінің және «Бразилия–Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасының шақыруымен ұйымдастырылды.
Тараптар кездесу барысында Қазақстан мен Бразилия, атап айтқанда, Сеара штаты арасындағы өнеркәсіптік-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Инженерлік кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, инновацияларды ынталандыру мен озық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, өзара қызығушылық тудыратын бірқатар перспективалы жобалар бойынша пікір алмасылды.
Елші Б.Нүсіпов сұхбаттасын Президент Луланың сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтап, бразилиялық тарапты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» аясында айқындалған Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін дамыту басымдықтарымен таныстырды.
Осы тұрғыда энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, орнықты даму, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен мен өзара сауда салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. К.Прадо өз кезегінде, FIEC қызметінің негізгі бағыттарын таныстырып, Федерацияның тәжірибе, бейінді мамандар және технологиялар алмасу, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінің бірімен өңіраралық кооперация орнату арқылы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Тараптар кездесу қорытындысы бойынша іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға, сындарлы диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен Сеара штаты арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын пысықтауға ортақ мүдделілігін растады.
Анықтамалық: 1950 ж. құрылған Сеара штатының Өнеркәсіп федерациясы (FIEC) Бразилияның солтүстік-шығысындағы Сеара штатының өнеркәсіп секторына өкілдік ететін негізгі ұйымдардың бірі болып табылады. Федерация өнеркәсіптік кәсіпорындардың мүдделерін институционалдық деңгейде қорғайды, кәсіпкерлікті дамытуға, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, инновацияларды енгізуге және кәсіби кадрлардың біліктілігін жетілдіруге ықпал етеді. FIEC құрылымына SESI (өнеркәсіп қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және білім беру), SENAI (кәсіптік-техникалық білім беру және технологиялық әзірлемелер), IEL (кәсіпкерлік пен инновацияларды дамыту) мамандандырылған мекемелері, сондай-ақ Халықаралық бизнес орталығы (CIN) кіреді. Сеара штаты Бразилияның қазіргі Президентінің саяси және әлеуметтік-экономикалық саясатына тұрақты қолдау көрсететін негізгі өңірлердің бірі болып саналады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









