Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері жұмыс сапарымен CLAAS және HORSCH компанияларының зауыттарында болып, өндіріс барысымен танысты. Кездесулерде ауыл шаруашылығы техникасына қажетті бөлшектерді Қазақстанда шығару, отандық кәсіпорындармен өндірістік байланыс орнату және жаңа технологияларды енгізу мүмкіндіктері талқыланды.
Сапар CLAAS Global Sales GmbH компаниясының шақыруымен ұйымдастырылды. Бағдарламаға Германия мен Франциядағы CLAAS зауыттарын, сондай-ақ Германиядағы HORSCH кәсіпорнын аралау кіреді.
Делегация зауыттардың жұмысымен, озық инженерлік шешімдермен және ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, әзірлеу әрі сынау тәжірибесімен танысты. Топырақ өңдейтін, тұқым себетін және өсімдіктерді қорғайтын машиналардың жасалу технологияларына ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ техниканы әртүрлі табиғи және өндірістік жағдайларға бейімдеу жолдары қарастырылды.
Бұл сапар Қазақстан мен Германияның өнеркәсіп саласындағы әріптестігін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 29 қыркүйекте Берлинде өткен Қазақстан–Германия бизнес-форумында CLAAS және HORSCH компанияларымен ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өткен еді. Соңғы бес жылда CLAAS компаниясы Қазақстанда 2 100-ден астам ауыл шаруашылығы техникасын шығарды.
Алдағы уақытта неміс өндірушілерімен бірлескен жұмысты жалғастырып, Қазақстанда шығарылатын бөлшектердің үлесін арттыру, жаңа технологияларды меңгеру және отандық кәсіпорындарды ауыл шаруашылығы техникасының өндірісіне кеңінен тарту көзделіп отыр.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







