Ұшқышсыз ұшу аппараттары күнделікті өмірге қарқынды еніп келеді. Бүгінде дрондар әуеден фотоға түсіру, аумақтарды бақылау, өндірістік міндеттерді орындау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін пайдаланылады.
Алайда бұл технологиялардың дамуы қоғамдық және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жаңа сын-қатерлердің пайда болуымен қатар жүреді.
Мамандардың ерекше назарын стратегиялық маңызды объектілердің, тіршілікті қамтамасыз ету кәсіпорындарының және қауіпсіздік талаптары күшейтілген аумақтардың маңында пилотсыз әуе кемелерін рұқсатсыз пайдалану тәуекелдері аударады.
Ұшқышсыз аппараттың пайда болуының өзі террористік қауіп бар екенін білдірмейді. Дегенмен әуе құрылғыларын белгіленген ережелерді бұза отырып пайдалану адамдарға, инфрақұрылымға және жекелеген ұйымдардың қалыпты қызметіне қауіп төндіруі мүмкін.
Қазақстанда пилотсыз әуе кемелерімен байланысты ықтимал қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелері қосымша нормативтік реттеуге ие болды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 9 сәуірдегі № 252 қаулысымен террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауға қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілді.
Аталған өзгерістерге сәйкес, стратегиялық объектілер және экономика салаларының стратегиялық маңызы бар, ТТО санатына жатқызылған объектілері пилотсыз әуе кемелеріне қарсы іс-қимыл жүйелерімен жабдықталуға тиіс.
Тиісті қатерлер өзекті болып саналатын өзге объектілер үшін мұндай жүйелерді қолдану жөнінде ұсынымдар көзделген.
Бұл ретте тиімді қорғаныс тек техникалық шешімдерге ғана байланысты емес. Тәуекелдерді бағалау, заңнаманы сақтау, жауапты қызметкерлердің кәсіби даярлығы және уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл маңызды мәнге ие.
Пилотсыз авиацияны қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет. Дрон иелері мен операторлары әуе кеңістігін пайдаланудың қолданыстағы қағидаларын, ұшуға қойылған шектеулерді және авиациялық қауіпсіздік талаптарын ескеруі тиіс.
Ұйым қызметкерлері ұшқышсыз аппараттардың күдікті белсенділігі анықталған кезде жауапты қызметтерге хабарлаудың белгіленген тәртібін білуі қажет. Мұндай құрылғыларды өз бетінше ұстап қалуға немесе оларға әсер етуге талпыну қосымша тәуекелдер туғызуы мүмкін, сондықтан бұған өкілеттігі жоқ адамдар мұндай әрекеттерге бармауға тиіс.
Ұшқышсыз технологиялардың дамуы экономика мен қоғамға кең мүмкіндіктер ашады. Сонымен бірге ол қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін уақтылы жетілдіруді талап етеді.
Қазіргі терроризмге қарсы қорғаныс дәстүрлі қауіп-қатерлермен қатар жаңа технологиялық сын-қатерлерді де ескеруі тиіс.
Материалды ҰҚК Астана қаласы бойынша департаментінің ТҚО басқармасы дайындаған
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







