Ордабасы ауданы «Шұбарсу», «Төрткүл» ауылдық округі әкімдіктерінің және аудандық қорғаныс істері бөлімінің қызметкерлеріне экстремизм мен терроризмге қарсы профилактикалық семинарлар өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызметкерлер арасында экстремизм мен терроризм сипатындағы теріс идеологияның қалыптасуына және таралуына жол бермеу, олардың құқықтық және ақпараттық сауаттылығын арттыру болып табылады.
Кездесуде спикерлер қазіргі әлемде экстремизм мен терроризмнің таралу тәсілдерінің күрделене түскенін, оның ішінде ақпараттық кеңістік арқылы әсер етудің күшейгенін баса айтты.
Жиналыс аясында Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Қ.Салықбеков сөз сөйлеп: «Қазіргі таңда радикалды идеологияны таратушылар интернет пен әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланып, азаматтардың діни сауатсыздығын өз мүдделеріне қолдануға тырысады.
Сондықтан мемлекеттік қызметкерлер жалған діни ақпараттың таралуына жол бермеу, тұрғындарға дұрыс бағыт-бағдар беру және түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу ісіне атсалысу маңызды.
Экстремизм мен терроризмнің алдын алуда халықпен ашық диалог орнатудың маңызы зор. Әрбір азаматтың діни сауатын арттыру, қоғамда түсіністік пен төзімділікті қалыптастыру – тұрақтылықты сақтаудың маңызды тетігі», - деп атап өтті.
Сондай-ақ, терроризм профилактикасы аясында қызметкерлерге экстремизм мен терроризмнің ерекшеліктері, оларды тану белгілері мен әлеуметтік желілерде жүргізілетін үгіт-насихаттың ықпалы жайлы түсіндірілді.
Іс-шара соңында оқушылар мен мектеп басшылығы көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұйымдастырушылар тарапынан тиісті жауаптарын алды.
Материал Түркістан облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









