Иерсиниоз-Yersinia туысына жататын бактериялар қоздыратын жедел жұқпалы ауру. Ол табиғатта кең таралған және зоонозды инфекцияларға жатады, себебі адамға жануарлардан жұғады. Ауру көбінесе асқазан-ішек жолдарын зақымдайды, бірақ басқа да мүшелер мен жүйелерге әсер етуі мүмкін.
Қоздырғыш сыртқы ортада төзімділігімен ерекшеленеді және топырақта, суда, азық-түлік өнімдерінде ұзақ уақыт сақтала алады. Оның басты ерекшелігі-төмен температурада, соның ішінде тоңазытқыш жағдайында да көбею қабілетінің болуы. Бұл тағам арқылы жұқтыру қаупін арттырады.
Иерсиниоздың кең таралған түрлеріне ішек иерсиниозы және псевдотуберкулез жатады.
Инфекцияның негізгі көздері:үй жануарлары (иттер, мысықтар);ауыл шаруашылығы жануарлары (шошқалар, ірі қара мал);кеміргіштер;ластанған топырақ пен су.
Инфекцияның ерекше қауіпті көздеріне сыртқы белгілері бойынша ауру екені байқалмайтын жануарлар мен тағам өнімдері жатады.
Инфекцияның негізгі берілу жолдары:
- тағамдық (алиментарлық) жол: инфекция жұқтырған тағам өнімдерін (көкөністер, ет, сүт) тұтыну арқылы жұғады. Мысалы, жеткілікті жуылмаған көкөністерді немесе толық термиялық өңдеуден өтпеген етті пайдалану;
- су арқылы берілу жолы: инфекция ластанған суды ішу арқылы жұғады;
- қарым-қатынас-тұрмыстық жол: жануарлармен, топырақпен немесе ластанған заттармен байланыс кезінде жұғуы мүмкін.
Негізгі қауіп факторлары:
- жеке бас гигиенасы ережелерін сақтамау;
- жуылмаған көкөністер мен жемістерді тұтыну;
- тағамды жеткіліксіз термиялық өңдеу;
- азық-түлік өнімдерін сақтау шарттарын бұзу;
- кеміргіштермен және жануарлармен байланыста болу;
- ауылдық жерлерде тұру;
- тағам өнімдерімен немесе жануарлармен байланысты жұмыс істеу.
Иерсиниоздың алдын алу шаралары
Иерсиниоздың алдын алу кешенді сипатқа ие және жеке бас гигиенасы мен санитариялық-гигиеналық шараларды қамтиды:
- жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау (тамақ ішер алдында, көшеден келгеннен кейін, жануарлармен, топырақпен және шикі етпен байланысқаннан кейін қолды жуу);
- көкөністер мен жемістерді тұтынар алдында мұқият жуу;
- тек қауіпсіз суды (қайнатылған немесе бөтелкедегі суды) пайдалану;
- жануарлардан алынатын өнімдерді (әсіресе ет пен сүтті) термиялық өңдеуден өткізу;
- шикі немесе жеткіліксіз өңделген тағамдарды тұтынудан бас тарту;
- тағам өнімдерін сақтау ережелерін сақтау (шикі және дайын өнімдерді бөлек сақтау, сақтау мерзімдерін қадағалау).
Санитариялық-гигиеналық шаралар:
- тағам өнімдерінің сапасын бақылау;
- тағам дайындау және сақтау кезінде санитариялық нормаларды сақтау;
- ас үй жабдықтары мен тоңазытқыштарды жүйелі түрде тазалау және дезинфекциялау;
- инфекцияның негізгі тасымалдаушылары болып табылатын кеміргіштермен күресу;
- көкөніс қоймалары мен қойма орындарының санитариялық жағдайын бақылау;
- қоғамдық тамақтану орындары мен балалар мекемелерінде санитариялық нормаларды сақтау;
- ауыл шаруашылығы жануарлары мен олардан алынатын өнімдерге ветеринариялық бақылау жүргізу.
Осылайша, иерсиниоздың алдын алу санитариялық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтауға, тағам өнімдерін дұрыс өңдеу мен сақтауға, сондай-ақ инфекция көздерін бақылауға негізделеді.
Алдын алу шараларын кешенді түрде жүзеге асыру ауруды жұқтыру және оның таралу қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









