Ботулизмнен сақ болыңыз!

    Ботулизм-адам өміріне қауіп төндіретін аса қауіпті тағамдық улану. Ауру ботулотоксиннің әсерінен туындайды және жүйке жүйесін зақымдайды. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

    Тағамдық ботулизмнің негізгі себебі-құрамында ботулотоксині бар тағам өнімдерін тұтыну. Әсіресе, үй жағдайында дайындалған саңырауқұлақ, көкөніс, ет және балық консервілері қауіпті. Оларды дайындау кезінде консервілеу технологиясы, термиялық өңдеу, зарарсыздандыру және сақтау талаптары бұзылған жағдайда ботулотоксиннің түзілуіне қолайлы жағдай пайда болады.

    Ботулизмнің қауіптілігі – залалданған тағамның сыртқы түрі, иісі мен дәмі өзгермеуі мүмкін. Сондықтан өнімнің қауіпсіздігіне күмән туындаған жағдайда оны дәмін татып көруге болмайды.

    Аурудың алғашқы белгілері залалданған тағамды тұтынғаннан кейін бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейінгі аралықта байқалуы мүмкін. Негізгі белгілеріне жалпы әлсіздік, бас айналу, ауыздың құрғауы, көздің қосарланып көрінуі, қабақтың түсуі, көру қабілетінің бұзылуы, жұтыну мен сөйлеудің қиындауы жатады. Ауыр жағдайларда тыныс алу бұлшықеттерінің салдануы мүмкін.

    Осындай белгілер пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Ботулизм кезінде уақытылы көрсетілген медициналық көмек адамның өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады. Өздігінен емделуге болмайды.

    Ботулизмнің алдын алу үшін үй жағдайында консерві дайындау кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қажет. Көкөністерді, саңырауқұлақтарды және басқа да өнімдерді дайындау алдында мұқият тазалап, жуып, белгіленген технология бойынша өңдеу керек. Консервілеу кезінде қажетті термиялық өңдеу мен зарарсыздандыру тәртібін сақтау маңызды.

    Сонымен қатар үй жағдайында дайындалған консервілерді белгісіз тұлғалардан және рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алмаңыз. Қақпағы ісінген, зақымдалған немесе герметикалығы бұзылған банкалардағы өнімдерді тұтынбаңыз. Жарамдылық мерзімі өткен және сапасына күмән тудыратын тағам өнімдерін пайдаланбаған жөн. Күмәнді консервілерді дәмін татпай, жою қажет.

    Есте сақтаңыз: қарапайым қайнату немесе қайта жылыту ботулотоксиннің толық жойылуына кепілдік бермейді. Сондықтан күмәнді өнімді тұтынудан бас тарту – ең дұрыс шешім.

    Ботулизмнің алдын алу әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауынан басталады.Тағам өнімдерін дайындау, сақтау және тұтыну кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, өзіңізді және жақындарыңызды қауіпті аурудан қорғаңыз!

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары