Балалардың денсаулығын сақтау және нығайту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы бағытта мектеп жасындағы балалардың денсаулығын қорғауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қауіпсіз білім беру ортасын құруға бағытталған «Саламатты мектеп» жобасының маңызы зор.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 10 сәуірдегі № 84-НҚ бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасында мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған «Саламатты мектеп» іс-шаралар жоспары бекітілген.
Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың денсаулығын нығайту, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, дене белсенділігін арттыру, жеке бас гигиенасы дағдыларын дамыту және балалардың физикалық әрі психологиялық саулығына қолайлы жағдай жасау.
Жобаның негізгі бағыттары:
- Дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру
Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес теңгерімді тамақтануын қамтамасыз ету, пайдалы тағамдарды тұтыну мәдениетін қалыптастыру, тұзды, қантты және трансмайларды тұтынуды шектеу маңызды. Сонымен қатар мектеп асханаларында тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне, оларды сақтау және дайындау жағдайларына ерекше назар аудару қажет.
- Жеке бас гигиенасын сақтау
Оқушылар арасында жеке бас гигиенасы дағдыларын қалыптастыру, қолды дұрыс жуу, жеке тазалықты сақтау және санитариялық мәдениетті арттыру жұқпалы аурулардың алдын алудың тиімді жолдарының бірі болып табылады.
- Дене белсенділігін арттыру
Оқушыларды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға ынталандыру, қозғалыс белсенділігін арттыру балалардың физикалық дамуына, иммунитетінің нығаюына және жалпы денсаулығының жақсаруына ықпал етеді.
- Санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Білім беру ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы балалардың денсаулығын қорғаудың маңызды шарты болып табылады. Атап айтқанда, оқу кабинеттерінің жарықтандырылуы, желдетілуі, температуралық режимі, ауызсудың сапасы, үй-жайлардың тазалығы, сондай-ақ мектеп асханаларының санитариялық жағдайы ерекше маңызға ие.
- Психологиялық саулықты нығайту
Мектепте қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру, балалар арасындағы буллингтің алдын алу, өзара сыйластық пен қауіпсіз қарым-қатынас мәдениетін дамыту оқушылардың психологиялық саулығын сақтауға бағытталған.
- Зиянды әдеттердің алдын алу
Оқушылар арасында темекі шегудің, алкогольдік ішімдіктерді және басқа да зиянды заттарды тұтынудың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыру маңызды.
«Саламатты мектеп» жобасын тиімді іске асыру мектеп әкімшілігінің, педагогтердің, медицина қызметкерлерінің, ата-аналардың және уәкілетті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын талап етеді.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өз құзыреті шегінде білім беру объектілерінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылауды, профилактикалық іс-шараларды жүргізуді және санитариялық ағарту жұмыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен ата-аналар арасында балалар денсаулығын сақтау, дұрыс тамақтану және жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.
Балалардың денсаулығын қорғау – баршамызға ортақ міндет. «Саламатты мектеп» жобасын жүйелі түрде жүзеге асыру мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға және өскелең ұрпақтың бойында салауатты өмір салтына деген жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Дені сау бала – дені сау ұлттың кепілі!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









