Ерсайын Нағаспаев дипломатиялық өкілдіктер басшыларына Президент Жолдауын түсіндіру жөніндегі брифингке қатысты

    1 / 2

    ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ҚР Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар жетекшілеріне Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру жөніндегі брифингіне қатысты.

    Министр дипломатиялық корпус алдында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында нақтыланған міндеттердің ауқымдылығын атап өтті. 2027 жылдың Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялануы инфрақұрылымды жаңартуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді. 2029 жылдың соңына дейінгі тиісті жоспарларды іске асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге қарастырылған.

    «Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекеттік ауқымды инвестициялар отандық өндірісті дамытуға бағытталуы тиіс. Сондықтан өнім тапшылығын болдырмауға, жаңа технологиялық қайта өңдеу сатыларын игеруге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған жобаларға басымдық беріледі.

    Біздің мақсатымыз – жай ғана капитал тарту емес, технологиялар трансферіне, өндірісті локализациялауға, шикізатты терең өңдеуге, білікті кадрлар даярлауға және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға негізделген ұзақ мерзімді өнеркәсіптік әріптестік қалыптастыру», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

    Қазақстан экономикасындағы құрылымдық өзгерістер аясында халықаралық өзара іс-қимылды кеңейтудің өзектілігі атап өтілді. Бүгінде өңдеу өнеркәсібі жалпы ішкі өнім өндірісінің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Оның үлесі 13%-ды құрап, тау-кен өндіру секторының үлесінен (11,9%) асып отыр. 2023 жылдан бері елімізде 647 жоба жүзеге асырылды, ал жыл соңына дейін тағы 200 жобаны іске қосылады.

    Сондай-ақ Президент жүктеген минералдық-шикізат әлеуетін ашу, шикізатты өңдеу және жоғары технологиялық салаларға арналған материалдар өндіру бағыттарында құзыреттер қалыптастыру міндеттеріне назар аударылды. Дипломатиялық миссия басшыларына инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде салықтық және кедендік преференциялар, жер учаскелері мен инфрақұрылым ұсыну, жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу және басқа да қолдау тетіктері таныстырылды.

    Қорытындылай келе, Ерсайын Нағаспаев ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі перспективалы жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, өзара тиімді байланыстарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары