«Айтылмай кеткен әңгіме»: «ДАТ» театры көрерменге жаңа психологиялық драма ұсынды.

    1 / 5

    Қысқа уақыт ішінде Қарағандының театрсүйер қауымының ықыласына бөленіп үлгерген тәуелсіз «ДАТ» театры көрермендерімен қайта қауышты. Бұл жолы театр сахнасында драматург Родион Белецкийдің «Айтылмай кеткен әңгіме» атты психологиялық драмасының премьерасы өтті. Қойылымның аудармашысы, режиссері әрі сценографы - Дунай Еспаев.

    Адам жанының терең қатпарларын қозғайтын шығарма достықтың қадірі, адамдық жауапкершілік, кешірім және өткенмен бетпе-бет келу тақырыптарын арқау етеді. Қойылымнан балалық шақтың балдәурен күндері, жастықтың алаңсыз сәттері, бірге өткізген қызықты шақтар мен жүректе қатталған ыстық естеліктердің табы сезіледі. Алайда сол сағынышқа толы естеліктердің астарында жылдар бойы жазылмаған жара мен айтылмаған өкініш те жатыр.

    Арада қанша жыл өтсе де, бала күннен бірге өскен достардың арасында бір кездері аяқсыз қалған әңгіме қайта жалғасады. Әуелде әзіл мен естеліктерге құрылған кездесу біртіндеп терең психологиялық арнаға ойысады. Көңіл түкпірінде бұғып жатқан шындықтар ашылып, жауапсыз қалған сауалдар мен кешірілмеген өкпе алға шығады.

    Спектакль көрерменді бір сәт өткеніне көз жүгіртіп, өз жүрегіне үңілуге шақырады. Сахнадағы екі кейіпкердің қарапайым әңгімесі арқылы әр адамға таныс сезімдер - сағыныш, өкініш, сағынышпен астасқан қуаныш пен кешірімнің маңызы көрініс табады. Қойылым барысында «Неліктен біз ең жақын адамдарымызға ең маңызды сөздерді дер кезінде айта алмаймыз?» деген сауал еріксіз ойға оралады.

    Бұл туынды - тек екі достың арасындағы диалог емес, адам мен уақыттың, өткен мен бүгіннің, үнсіздік пен шындықтың арасындағы ішкі арпалыс. Өйткені өткенді өзгерту мүмкін емес. Бірақ кезінде айтылмай қалған бір ауыз сөз, мойындалмаған шындық немесе дер кезінде сұралмаған кешірім адам жүрегінде жылдар бойы сақталып қалуы мүмкін.

    «Айтылмай кеткен әңгіме» көрерменге бір маңызды ой салады: кей сөзді айтуға ешқашан кеш емес деп ойлағанымызбен, кей сәттердің қайта оралмайтынын ұмытпауымыз керек.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" жаңалықтары