ҚАРАҒАНДЫДА МАТЕРИАЛДЫҚ ЕМЕС МӘДЕНИ МҰРАНЫ САҚТАУ ЖӘНЕ ДӘРІПТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ.

    1 / 14

    Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде ЮНЕСКО-ның техникалық гранты аясында материалдық емес мәдени мұра элементтерін түгендеу, құжаттандыру, сақтау және қорғау бағытындағы табысты тәжірибелермен алмасуға арналған республикалық семинар өтті.

    Маңызды мәдени-ағартушылық іс-шараға Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген делегация өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, музей мамандары, сарапшылар мен материалдық емес мәдени мұраны зерттеу және сақтау бағытында еңбек етіп жүрген мамандар қатысты.

    Семинардың басты мақсаты - Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау мен сабақтастықты қамтамасыз ету жолындағы өзекті мәселелерді талқылау, өңірлер арасында кәсіби тәжірибе алмасу, сондай-ақ ұлттық мәдени құндылықтарды анықтау, зерделеу, түгендеу және құжаттандыру жұмыстарын жетілдіру болды.

    Іс-шара барысында материалдық емес мәдени мұра элементтерін анықтау, оларды ғылыми негізде тіркеу, жүйелеу, насихаттау және келер ұрпаққа жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар дәстүрлі білім мен дағдыларды, халықтық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, орындаушылық өнерді және ұлттық мәдениеттің басқа да бірегей үлгілерін сақтаудың маңыздылығы сөз болды.

    Семинар жұмысына Материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары Рустам Рахимович Музафаров пен Ұлттық комитет мүшесі, профессор Василий Вачикович Шахгуляри қатысты. Сарапшылар материалдық емес мәдени мұраны қорғау саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, ұлттық мұраны сақтау мен дамытуға қатысты кәсіби пікірлерімен және ұсыныстарымен бөлісті.

    Кездесу аясында қатысушылар өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың ерекшеліктерін талқылап, материалдық емес мәдени мұра элементтерін түгендеу мен құжаттандыру барысында кездесетін мәселелер жөнінде тәжірибе алмасты. Мұндай кәсіби кездесулер мамандар арасындағы өзара байланысты нығайтып, ортақ міндеттерді бірлесе шешуге және озық тәжірибелерді кеңінен таратуға мүмкіндік береді.

    Материалдық емес мәдени мұра - халықтың тарихи жады, рухани болмысы, дүниетанымы мен ұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігі. Оны сақтау тек өткеннің мұрасын қорғау ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлттық құндылықтарды болашаққа аманат ету болып табылады.

    Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен республикалық семинар осы бағыттағы маңызды кәсіби алаңға айналып, мәдени мұраны сақтау ісіндегі өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға өз үлесін қосты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" жаңалықтары