«БҰҚАРЕКЕҢ ЖЫРЛАЙДЫ» - ДӘСТҮРЛІ ОБЛЫСТЫҚ ЖЫРШЫ-ЖЫРАУЛАР САЙЫСЫ.

    1 / 10

    «БҰҚАРЕКЕҢ ЖЫРЛАЙДЫ»: ДӘСТҮРЛІ ОБЛЫСТЫҚ ЖЫРШЫ-ЖЫРАУЛАР САЙЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

    Қазақ халқының бай рухани мұрасын дәріптеп, жыраулық өнердің сабақтастығын сақтауға бағытталған «Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі облыстық жыршы-жыраулар сайысы өз мәресіне жетті. Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, ұлы жырау Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа насихаттауды мақсат еткен байқау қатысушылардың өнері мен шығармашылық әлеуетін танытқан маңызды мәдени шаралардың біріне айналды.

    Бұқар жырау Қалқаманұлы -қазақ әдебиеті мен руханиятында айрықша орны бар тарихи тұлға, жыраулық дәстүрдің көрнекті өкілі. Оның толғауларында ел бірлігі, халықтың тұтастығы, адамгершілік, парасаттылық пен ұрпақ тәрбиесі секілді мәңгілік құндылықтар көрініс тапқан. Сондықтан жырау мұрасын зерделеу, оның шығармаларын кеңінен насихаттау және өскелең ұрпаққа жеткізу - ұлттық мәдениетімізді сақтаудың маңызды бағыттарының бірі.

    «Бұқарекең жырлайды» сайысы да осы игі мақсаттарды жүзеге асыруға, дәстүрлі орындаушылық өнерді дамытуға және жас таланттардың шығармашылық қабілетін шыңдауға арналды. Байқау барысында қатысушылар жыраулар мұрасына деген құрметін, сөз өнеріне деген ықыласын және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге деген ұмтылысын көрсетті.

    Байқауға қатысушылар төрт номинация бойынша бақ сынады. Әр номинация жыраулық дәстүрдің сан қырын ашып, қазақтың төл өнерін әртүрлі бағытта танытуға мүмкіндік берді. Қатысушылардың өнері арқылы дәстүрлі жыршылық мектептің өзіндік ерекшелігі, көркем сөздің құдіреті мен ұлттық мұраның тәрбиелік мәні айқындала түсті.

    Байқау жеңімпаздары

    «Бұқар жырау оқулары» номинациясы:

    • I орын - Әдібек Арда
    • II орын - Дүйсенбай Сезім
    • III орын - Кенжеғали Дара

    «Бұқар жырауша» номинациясы:

    • I орын - Мұратбек Жайнагүл
    • II орын - Бекежанов Айтуар

    «Жыршы-жыраулар» номинациясы:

    • I орын - Дәулен Дарын
    • II орын - Сардар Абдулла
    • III орын - Игілік Күнсұлу

    «Әлемді түгел білсе де» номинациясы:

    • I орын - Абдикаримова Зиёда
    • II орын - Беганова Амина
    • III орын - Бугинова Влада

    Сонымен қатар байқау аясында бірқатар қатысушы арнайы жүлделермен марапатталды. Олардың қатарында Шержанова Екатерина, Ойгорбай Кәмшат, Рахметолла Разия, Аманай Санжар және Сия Айбота бар.

    Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған өнерпаздар ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігімен, шығармашылық ізденісімен және жыраулық дәстүрді дәріптеуге қосқан үлесімен ерекшеленді. Қатысушылар үшін бұл сайыс өз шеберлігін көрсетуге, тәжірибе жинақтауға, өнердегі мүмкіндіктерін кеңейтуге және қазақтың дәстүрлі сөз өнеріне деген қызығушылығын арттыруға жол ашты.

    Мұндай мәдени іс-шаралардың маңызы зор. Өйткені жыраулық өнер - халқымыздың тарихи жадын, дүниетанымын, даналығы мен рухани құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл мұра. Жыр мен толғау арқылы елдік пен бірлікті, адамгершілік пен ізгілікті дәріптеу — ұлттық мәдениетіміздің өміршеңдігін танытатын маңызды құбылыс.

    «Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі облыстық сайысы да осы мұраны жаңғыртып, жас буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға және жыраулық дәстүрдің үзілмей жалғасуына үлес қосты.

    Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз! Байқауға қатысқан барша өнерпазға ұлттық мұрамызды ұлықтап, жыраулық дәстүрді дәріптеуге қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, шығармашылық табыстарыңыз арта берсін! Қазақтың жыршылық және жыраулық өнері жасай берсін!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" жаңалықтары