Өнер мен өлеңге тағзым: Қарағандыда Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған кеш өтті.

    1 / 11

    Қазақ музыкасы мен поэзиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғалар - Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев пен ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық «Алтын медаль» сыйлығының лауреаты Шөмішбай Сәриевтің туғанына 80 жыл толуына орай әдеби-сазды кеш өтті.

    Руханият пен өнерді тоғыстырған тағылымды шараның мақсаты - қос дарынның бай шығармашылық мұрасын ұлықтау, олардың өнеріндегі терең үндестікті таныту, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың әдебиет пен музыкаға деген қызығушылығын арттыру.

    Кеш барысында көрермендер Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сәриевтің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликтерді тамашалап, композитордың жүрекке жеткен әуендері мен ақынның сырлы жырларынан сусындады. Сондай-ақ ақын Ерқанат Кеңесбекұлымен шығармашылық кездесу өтіп, әдеби мұра мен өнер сабақтастығы туралы мазмұнды әңгіме өрбіді.

    Әдеби-сазды кеш аясында «Қарағым-ай», «Ей, дүние, жаныма дем бересің», «Ойлан, балам», «Айнам көл», «Атамекен-ай» әндері орындалды. Әсем әуендер мен әсерлі шығармалар көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлап, қазақ өнерінің қайталанбас болмысын тағы бір мәрте танытты.

    Тағылымы мол шара қос тұлғаның шығармашылығына тағзым етіп, қазақтың ән өнері мен поэзиясындағы рухани сабақтастықты дәріптеді. Өнер иелерінің мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасы ретінде өз құндылығын сақтай бермек.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" жаңалықтары