2026 жылғы 21-27 қазан аралығында Үндістанның Химачал-Прадеш штатындағы Куллу қаласында өткен «Kullu Dussehra 2026» халықаралық мәдени фестивалінде Қазақстанның атынан Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайының Халықтық «Шахтерский» би ансамблі өнер көрсетті.
Әлемнің әр түкпірінен жиналған шығармашылық ұжымдардың басын қосқан ауқымды мәдени шара ұлттық өнер мен дәстүрлерді дәріптейтін, халықтар арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайтатын халықаралық алаңға айналды.
Фестивальге Өзбекстан, Египет, Непал, Таиланд, Бутан, Индонезия, Малайзия, АҚШ және басқа да мемлекеттердің өнер ұжымдары қатысты. Әр елдің өнерпаздары өздерінің ұлттық биі мен мәдени ерекшелігін таныстырып, көрермендерге сан алуан халықтың рухани байлығы мен өнерін тамашалауға мүмкіндік берді.
Осындай халықаралық өнер додасында Қазақстанның мәдени мұрасын таныстыру құрметі қарағандылық «Шахтерский» би ансамбліне бұйырды. Өнер ұжымы өз өнері арқылы қазақ халқының ұлттық болмысын, би өнерінің көркемдік ерекшелігі мен мәдени дәстүрлерін халықаралық көрермен назарына ұсынды.
«Kullu Dussehra» фестивалі - түрлі елдердің мәдениеті мен өнерін тоғыстырып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін маңызды халықаралық шара.
Қарағандылық өнерпаздардың халықаралық сахнада өнер көрсетуі - өңірдің мәдени әлеуетін танытып қана қоймай, қазақ өнерінің әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын айшықтайтын маңызды оқиға. «Шахтерский» ансамблінің бұл сапары Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға да өзіндік үлес қосты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









