Қарағанды қаласында XXVII «Әуенді Сарыарқа» халықаралық фестивалі өтті. Дәстүрлі өнер мерекесі ұлттық музыкалық мұраны насихаттауға, кәсіби орындаушылық өнерді дамытуға және халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды мәдени жобаға айналды.
Фестиваль бағдарламасы аясында қазақтың дәстүрлі музыкасы, джаз, академиялық және симфониялық музыка, фольклор мен хореография бағытындағы концерттер ұйымдастырылды. Қазақстандық және шетелдік өнерпаздар бас қосқан өнер додасы Қарағанды қаласының мәдени өміріне ерекше серпін берді.
18 қазан - фестивальдің салтанатты ашылуы
Халықаралық фестивальдің шымылдығы Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің концертімен ашылды. Өнер кеші «Шалқыма» концерт залында өтті.
Кештің арнайы қонақтары - Қырғызстанның халық әртісі Бактыбек Ыбыкеев және халықаралық байқаулардың лауреаты, молдовалық пан-флейта орындаушысы Игор Подгоряну болды.
21 қазан - Қарағанды джаз оркестрінің XXXIV концерттік маусымының ашылуы
21 қазанда Кеншілер мәдениет сарайында Қарағанды джаз оркестрінің XXXIV концерттік маусымының ашылу салтанаты өтті.
Кештің арнайы қонақтары Мәскеу қаласынан келген вокалист Захар Мироненко мен саксофоншы Антон Залетаев болды.
Концерт барысында джаз өнерінің сан қырлы ерекшелігі, әуезділігі мен ырғақтық мүмкіндіктері көрініс тапты. Оркестрдің кәсіби орындаушылығы мен арнайы шақырылған қонақтардың өнері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, музыкалық кештің мазмұнын байыта түсті.
24 қазан - «Солистер шеруі» концерті
24 қазанда Кеншілер мәдениет сарайында Е. Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестрінің орындауында «Солистер шеруі» атты концерт өтті.
Музыкалық кешке халықаралық байқаулардың лауреаттары:
Дарья Горожанко (Беларусь);
Уго Тарквини (Италия);
Рысты Рахымжан қатысты.
Сонымен қатар концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Желтыргузов өнер көрсетті.
Концерттік бағдарлама академиялық вокал мен симфониялық музыканың үйлесімін паш етті. Әр орындаушының өзіндік дауыс ерекшелігі, сахналық мәдениеті мен жоғары орындаушылық шеберлігі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
28 қазан - фестивальдің салтанатты жабылуы
XXVII «Әуенді Сарыарқа» халықаралық фестивалінің қорытынды концерті 28 қазанда Кеншілер мәдениет сарайында өтті.
Жабылу кешінде көрермендер назарына ұлттық өнеріміздің қос жауһары - «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблінің бірлескен концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Концертке қазақстандық және шетелдік өнерпаздар қатысты. Олардың қатарында:
Камолиддин Худоймурганов – дутор (Тәжікстан);
Дадобоев Лутфуллоджон – дойра (Тәжікстан);
Расул Шарипбек уулу – Бішкек қаласы;
Шыңғыс Сәрсенбай;
Нұрлытаң Саятқызы;
Гүлмира Тапай;
Арман Айнабаев .
Концерттік бағдарламада қазақ халқының бай музыкалық мұрасы, ұлттық аспаптардың қайталанбас үні мен дәстүрлі би өнері кеңінен көрініс тапты. Ән мен күй, әуен мен би үйлесім тапқан сахналық қойылымдар көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Өнерді ұлықтаған халықаралық мәдени алаң
XXVII «Әуенді Сарыарқа» халықаралық фестивалі түрлі музыкалық бағыттарды бір арнаға тоғыстырып, ұлттық өнер мен әлемдік мәдениеттің өзара сабақтастығын көрсетті.
Фестивальдің әр концерті өзіндік мазмұнымен ерекшеленді. Қазақтың дәстүрлі аспаптық музыкасы, джаз өнері, академиялық вокал, симфониялық шығармалар мен фольклорлық-хореографиялық қойылымдар көрерменге сан алуан музыкалық әлемді таныстырды.
Он күнге созылған халықаралық өнер мерекесі Қазақстан мен шетелдік орындаушылар арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, мәдени тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік жасады.
Осылайша, Ұлы Даланың әуезді үні мен әлем халықтарының музыкалық мұрасын тоғыстырған XXVII «Әуенді Сарыарқа» халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Ұлттық өнеріміздің өрісі кеңейіп, халықаралық мәдени байланыстарымыз нығая берсін!









