ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА КӨРУ ҚАБІЛЕТІ БҰЗЫЛҒАН БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «АЙНАЛАЙЫН» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ.

    1 / 7

    Халықаралық «Ақ таяқ» күніне орай Қарағанды облысында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Айналайын» кітабының тұсаукесері өтті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың көркем әдебиетке қолжетімділігін арттыруға, олардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға және Брайль қарпімен оқу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған басылымның жарық көруі - инклюзивті мәдени орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

    Іс-шара Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Білте» қоғамдық қорының президенті Мақпал Мысаның бастамасымен жүзеге асырылды.

    Халықаралық «Ақ таяқ» күні - көру қабілеті бұзылған адамдардың құқықтарына, қоғам өміріне толыққанды қатысуына және олардың қажеттіліктеріне назар аударуға үндейтін маңызды күн. Осыған орай жарық көрген «Айналайын» кітабы балалардың әдебиет әлеміне еркін енуіне мүмкіндік беріп, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруды, ұлттық және өңірлік құндылықтарды танытуды мақсат етеді.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қолдау көрсету, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау және әрбір азаматқа тең мүмкіндік ұсыну мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы бастамалар әр адамның құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтейтін, қоғамның барлық мүшесіне мүмкіндік беретін инклюзивті ортаны қалыптастырудың маңызын айқындайды.

    «Айналайын» кітабы - осы мақсаттарға үндес, балалардың рухани дамуына жол ашатын мәдени-ағартушылық жоба. Басылымның басты ерекшелігі - оның бедерлі-нүктелі Брайль қарпімен жарық көруі. Бұл көру қабілеті бұзылған балаларға шығармаларды өз бетінше оқуға, әдебиетке қызығушылығын арттыруға және көркем сөз арқылы қоршаған ортаны тануға мүмкіндік береді.

    Кітапқа Қарағанды өңірінің табиғатын, тарихын және рухани құндылықтарын танытатын 15 автордың шығармасы енгізілген. Шығармалар мазмұны арқылы жас оқырмандар туған өлкенің ерекшеліктерімен танысып, оның мәдени мұрасы мен бай табиғаты туралы мағлұмат алады. Басылым балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға, қиялын дамытуға және білімге деген ынтасын арттыруға бағытталған.

    Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі - кітаптағы барлық шығарманың дыбысталғаны. Оқырмандар басылымның соңында орналастырылған QR-код арқылы шығармалардың аудионұсқаларын тыңдай алады. Осылайша, кітап Брайль қарпімен оқуды және аудиоматериалдарды пайдалануды ұштастырып, балаларға ақпаратты қабылдаудың қосымша мүмкіндігін ұсынады.

    Тұсаукесер барысында кітап авторы Мақпал Мыса сөз сөйлеп, басылымның идеясы мен маңызына тоқталды. Оның бастамасымен жүзеге асқан бұл жоба көру қабілеті бұзылған балалардың көркем әдебиетке қолжетімділігін кеңейтуге және олардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған.

    «Айналайын» кітабының жарық көруі - өңірдегі инклюзивті мәдениет пен балалар әдебиетін дамытуға қосылған үлес. Мұндай бастамалар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың рухани әлемін байытып қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына, өзіндік қабілеттерін дамытуына және қоршаған ортаны тереңірек тануына жағдай жасайды.

    Жаңа басылым жас оқырмандарға туған өлкенің тарихы мен табиғатын танытып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды бойына сіңіруге ықпал етеді. «Айналайын» кітабының әр балаға қолжетімді болуы - білім мен мәдениетке бастайтын мүмкіндіктердің баршаға ортақ болуы жолындағы маңызды қадам.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" жаңалықтары