Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры көрермендеріне әлемдік драматургияның жауһар туындыларының бірі – Уильям Шекспирдің «Король Лир» трагедиясын ұсынды. Театр сахнасында өткен премьера көрерменді терең ойға жетелейтін, адам болмысы мен өмірдің мәңгілік құндылықтарын арқау еткен тағылымды қойылым болды.
Қойылым режиссері - Элистин Михайлов. Режиссер Шекспирдің ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпаған шығармасына өзіндік сахналық интерпретация ұсынып, адамгершілік, билік пен жауапкершілік, әкелік махаббат пен перзенттік парыз, сатқындық пен адалдық секілді күрделі тақырыптарды көрермен назарына шығарды.
«Король Лир» - билік пен байлықтың баянсыздығын, адамдық қасиеттің қадірін және шынайы сезімнің мәнін терең толғайтын философиялық шығарма. Трагедияның басты кейіпкері - қартайған шағында өз патшалығын қыздарына бөліп беруге шешім қабылдаған Король Лир. Алайда ол қыздарының шынайы ниетін ажырата алмай, жалған мақтау мен жасанды сүйіспеншілікке алданып қалады. Ал оған деген шынайы махаббатын сөзбен емес, ісімен дәлелдеген кенже қызы Корделия әкесінің қаһарына ұшырайды.
Осы оқиғалар арқылы шығарма адам бойындағы тәкаппарлықтың, соқыр сенімнің, дүниеқоңыздық пен сатқындықтың зардабын көрсетеді. Сонымен қатар жақсылық пен жамандықтың, шындық пен жалғандықтың, махаббат пен билікқұмарлықтың мәңгілік тартысын бейнелейді.
Қарағанды театрының сахнасындағы жаңа қойылым көрерменге Шекспир шығармасының терең мазмұнын заманауи сахналық шешімдер арқылы сезінуге мүмкіндік берді. «Король Лир» трагедиясы - тек бір әулеттің тағдырын баяндайтын оқиға емес, адамзатқа ортақ құндылықтар мен өмірлік таңдаулар туралы ой қозғайтын мәңгілік туынды.
Әлемдік классиканы қазақ сахнасында жаңаша пайымдаған премьера театр репертуарындағы маңызды оқиғалардың біріне айналып, көрермендерді адамдық қасиет, отбасы құндылығы және өмірдің шынайы мәні туралы терең ойлануға шақырды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









