Қарағандыда Республика күніне орай елдік рухты асқақтатып, тәуелсіздік құндылықтары мен ұлттық бірлікті дәріптеген мерекелік концерт өтті. Биыл 90 жылдық мерейтойын атап отырған Қарағанды облысының бай тарихы мен мәдени мұрасы кештің негізгі мазмұнына арқау болды. Мерекелік шара аясында өңірдің мәдениет саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азамат жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Республика күні - мемлекеттілігімізді айшықтайтын, ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезінуге үндейтін маңызды мереке. Бұл күн елдік пен бірліктің, отаншылдық пен ортақ құндылықтардың мәнін ұғындырып, Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімді нығайта түседі.
Осы айтулы мерекеге арналған концертте өнер мен руханият тоғысып, көрерменге мазмұны терең, әсері ерекше мәдени бағдарлама ұсынылды. Қарағанды облысының қалыптасу тарихы, өңірдің мәдени жетістіктері мен өнер дәстүрлері кештің идеялық өзегіне айналды.
Мерекелік кештің хедлайнерлері қатарында AYREE, Ибрагим Ескендір, итальяндық опера әншісі Уго Тарквини, Амантай Жұмашев, Нұржас Сәдірбаев және Меруеш Башай болды. Сондай-ақ сахнада GAISSIN ORCHESTRA вокалистері, С. Сейфуллин атындағы Академиялық қазақ драма театрының әртістері, Академиялық музыкалық комедия театрының әртістері, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі, «Кең Дала» хоры, «SAZ» ethno-fusion ensemble және өңір өнерпаздары өнер көрсетті.
Әртүрлі жанр мен орындаушылық бағыттарды тоғыстырған бағдарлама ұлттық өнердің бай мүмкіндігін көрсетіп, дәстүр мен заманауи шығармашылықтың өзара үндестігін танытты. Театр өнері, вокал, хореография және музыкалық қойылымдар арқылы көрерменге рухани мазмұны терең мерекелік атмосфера ұсынылды.
Мәдениет майталмандары мемлекеттік марапаттарға ие болды
Республика күні қарсаңында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін Қарағанды облысының мәдениет саласының өкілдері жоғары мемлекеттік марапаттармен марапатталды.
«Парасат» орденімен Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі жанындағы «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Сәдуақасов Байқара Хамзаұлы марапатталды.
«Құрмет» орденімен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы Нукина Шайза Смағұлқызы марапатталды.
Ал Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының жоғары санатты актрисасы Жансүгірова Нұржібек Күлмесханқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Бұл марапаттар - мәдениет пен өнерге адал қызмет етіп, ұлттық руханияттың дамуына және қоғамның мәдени құндылықтарын дәріптеуге үлес қосқан азаматтардың еңбегіне көрсетілген зор құрмет.
Қарағанды облысының 90 жылдық тарихы - өңірдің қалыптасуы мен өркендеуінің, еңбек адамдарының қажырлы еңбегі мен мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық ізденістерінің шежіресі. Осы жолда мәдениет саласының алар орны ерекше. Өйткені мәдениет - ұлттың рухани жады, тарихи сабақтастықты сақтап, құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін алтын көпір.
Республика күніне арналған концерт елдік рухты көтеріп қана қоймай, өңірдің мәдени әлеуетін, өнерпаздардың шығармашылық мүмкіндігін және Қарағандының рухани өмірінің байлығын көрсетті. Мерекелік кеш пен мемлекеттік марапаттар тәуелсіздіктің қадірін ұғындырып, ұлттық бірлік пен ел болашағына деген сенімді нығайтатын маңызды оқиғаларға айналды.









