Варшава, 2026 жылғы 6 қараша – Қазақстан Республикасы күніне орай Варшава қаласындағы Бас қалалық кітапханада «Мәдениеттер мен дәстүрлер үндестігі» атты кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – поляк жұртшылығын Қазақстанның бай мәдени мұрасымен, ұлттық салт-дәстүрлерімен және әдебиетімен таныстыру.
Кездесу барысында қазақ халқының мәдениеті мен рухани құндылықтары, фольклоры мен әдеби мұрасы кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар Қазақстан мен Польша арасындағы тарихи қалыптасқан мәдени байланыстарға, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеуге және насихаттауға елеулі үлес қосқан поляк зерттеушілері мен мәдениет қайраткерлерінің еңбектеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара бағдарламасы аясында қазақтың әйгілі халық ертегісі «Ер Төстік. Қазақ батырының бастан кешкен оқиғалары» кітабының поляк тіліндегі басылымы таныстырылды. Аталған басылым поляк оқырмандарына қазақ халқының бай фольклорлық мұрасымен жақынырақ танысуға жол ашады.
Кездесу бағдарламасының тағы бір мазмұнды бөлігі «Қазақ даласының эпостары, ертегілері мен аңыздары» атты музыкалық-әдеби жоба болды. Оның аясында қонақтар қазақ халқының ауыз әдебиетімен және дәстүрлі мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Іс-шара соңында қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, ұлттық асхананың ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік берілді.
Мұндай мәдени іс-шаралар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуда, сондай-ақ Қазақстан мен Польша арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуда маңызды рөл атқарады. Әдебиет, музыка мен ұлттық дәстүрлер екі халықты жақындастыратын рухани көпір болып табылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









