2026 жылғы 3 қараша күні Байзақ ауданы Қостөбе ауылындағы Қостөбе орта мектебінде Қостөбе ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен және мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлымен тағылымды кездесу өтті.
«Білімді ұрпақ – ел ертеңі» тақырыбында өткен кездесудің басты мақсаты – білім мен ғылымның маңызын насихаттау, жас ұрпақтың білімге деген құштарлығын арттыру және болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру.
Кездесу барысында құрметті қонақ өзінің өмір жолы, ғылым мен білім саласындағы жетістіктері, ұстаздық қызметі және мемлекеттік қызметтегі тәжірибесімен бөлісті. Жастарға табандылық, үздіксіз ізденіс, еңбекқорлық пен уақытты тиімді пайдаланудың маңыздылығы жөнінде тағылымды ойларын жеткізді.
Ашық сұхбат форматында өткен жүздесуде оқушылар мен ауыл жастары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Әсіресе, ауыл жастарының мүмкіндіктері, сапалы білім алу, мамандық таңдау және ел дамуына үлес қосу мәселелері кеңінен талқыланды.
Тағылымы мол кездесу жас ұрпаққа үлкен ой салып, білімге деген ынтасын арттыруға және биік мақсаттарға ұмтылуға серпін берді.
Осындай мазмұнды кездесулер өскелең ұрпақтың рухани дамуына, дүниетанымының кеңеюіне және ел болашағына деген жауапкершілігінің қалыптасуына ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







