Мобилизациялық даярлық — бұл мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігіне байланысты туындауы мүмкін төтенше жағдайларға елдің әзірлігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет жүзеге асыратын іс-шаралар кешені.
Бұл жұмыста жергілікті атқарушы органдар маңызды рөл атқарады. Әкімдіктер халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтарды мобилизация жарияланған жағдайда әрекет ету тәртібі туралы хабардар етеді.
Әрбір азамат нені білуі керек?
Қазақстан Республикасының азаматтары тұрғылықты жері бойынша әскери есепте тұруға міндетті.
Сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен әскери билетті немесе шақыру учаскесіне тіркелу туралы куәлікті уақтылы алуы қажет.
Шақыру алған жағдайда азамат жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті. Бұл оның әскери қызметке арналған мақсатын айқындау үшін қажет.
Мобилизациялық нұсқамалар мен шақыру қағаздарына ерекше назар аудару қажет. Егер азамат осындай құжатты алған болса, онда онда көрсетілген талаптарды орындауға міндетті.
Мобилизация жарияланған жағдайда не болады?
Мобилизация кезеңінде азаматтар заңнамада белгіленген тәртіппен әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
Сонымен қатар, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтар қажетті жұмыстарды орындауға тартылуы немесе арнаулы құрылымдарға қабылдануы мүмкін.
Заңнамада қорғаныс қажеттіліктері үшін азаматтардың жер учаскелерін, ғимараттарын, құрылыстарын, көлік құралдарын және басқа да мүлкін пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған. Мұндай жағдайда мемлекет олардың құнын заңнамада белгіленген тәртіппен кейіннен тең мөлшерде өтеуді қамтамасыз етеді.
Есте сақтау маңызды
Әскери есепте тұрған азаматтарға мобилизация жарияланған сәттен бастап тиісті жергілікті әскери басқару органы басшысының рұқсатынсыз тұрғылықты жерінен шығуға тыйым салынады.
Сондықтан әскери есепке қатысты құжаттардың бар-жоғын, дербес мәліметтердің өзектілігін алдын ала тексеріп, ресми шақыруларға уақтылы жауап беру маңызды.
Белгіленген талаптарды сақтау — әрбір азаматтың міндеті және еліміздің жалпы мобилизациялық әзірлігінің маңызды бөлігі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






