АЭА-дағы химиялық кластер толық өндірістік тізбектерді қалыптастыруда

    Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарындағы (АЭА) негізгі мамандану бағыттарының бірі-химия және мұнай-химия өнеркәсібі. Бұл бағыттағы өндіріс орындары Павлодар облысындағы «Павлодар», Жамбыл облысындағы «Jibek Joly», Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» және елордадағы «Астана-Технополис» АЭА аумақтарында жұмыс істейді. Мұнда металлургия, энергетика және су тазарту салаларына қажетті негізгі химиялық және мұнай-химия өнімдерімен қатар, парфюмерия сияқты дайын тұтыну тауарлары да шығарылады.

    «QazIndustry» АҚАрнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту дирекциясы АЭА аумағында табысты жұмыс істеп жатқан химия және мұнай-химия салаларындағы негізгі жобалар туралы мәліметұсынады.

    «Каустик» АҚ.Бұл – «Павлодар» АЭА аумағында құрылған алғашқы кәсіпорындардың бірі және Қазақстандағы хлор-сілті өнімдерін өндіретін жетекші кәсіпорын. Өндіріс бұрынғы Павлодар химия зауытының алаңында құрылған. Тауарлық өнім шығару 2011 жылы басталды.

    Зауыт мембраналық электролиз әдісімен хлор мен каустикалық сода, сондай-ақ натрий гипохлоритін, синтетикалық және ингибирленген тұз қышқылын өндіреді. Негізгі шикізат ретінде өңір көлдерінен өндірілетін ас тұзы пайдаланылады.

    Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 98,5 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 30 мың тонна каустикалық сода, 26 мың тонна хлор, шамамен 7 мың тонна натрий гипохлориті және 45 мың тонна тұз қышқылы бар. Кәсіпорын жұмыс істей бастағаннан бері 135,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 500 жұмыс орны ашылды.

    Кәсіпорын өнімдері металлургия, энергетика, тау-кен өндіру, мұнай өңдеу және целлюлоза-қағаз өнеркәсібінде, сондай-ақ суды тазарту саласында кеңінен қолданылады. Негізгі тұтынушыларының қатарында «Қазақстан алюминийі» АҚ мен отандық мұнай өңдеу зауыттары бар. Зауыттың іске қосылуы еліміздің негізгі химиялық өнімдер импортына тәуелділігін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді.

    «УПНК-ПВ» ЖШС.Бұл – Орталық Азиядағы күйдірілген мұнай коксын өндіретін ең ірі кәсіпорын. Зауыт «Павлодар» АЭА аумағында орналасқан және 2015 жылы пайдалануға берілген. Жобаға салынған инвестиция көлемі 22,9 млрд теңгені құрады.

    Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты – 205 мың тонна. Шикізат ретінде Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілетін мұнай коксы, сондай-ақ импорттық шикізат пайдаланылады. Күйдірілген кокс Қазақстан электролиз зауытының анод өндірісіне жеткізіледі, сонымен қатар ТМД елдеріне, Қытайға және басқа мемлекеттерге экспортталады. Кәсіпорын жұмыс істей бастағаннан бері 209,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 400 жұмыс орны құрылды.

    Жобаның іске асырылуы өңірдегі мұнай-химия және түсті металлургия салаларын бір өндірістік тізбекке біріктіріп, отандық алюминий өндірісін қажетті шикізатпен қамтамасыз етті.

    Кәсіпорын тұйық цикл бойынша жұмыс істейді: кокс күйдіру кезінде пайда болатын қалдық газдардың жылуы электр энергиясына айналдырылады. Соның арқасында зауыт өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оның артық көлемін нарыққа сатады.

    «Аромат» ЖШС.Бұл – Орталық Азиядағы хош иіс композициясын әзірлеуден бастап, дайын өнімді құтыға құюға дейінгі толық өндірістік циклі бар жалғыз парфюмерия фабрикасы. Кәсіпорын 2020 жылы АЭА қатысушысы атанды. Қазіргі уақытта елордадағы «Астана – Жаңа қала» АЭА-ның №1 индустриялық паркі аумағында жұмыс істейді.

    Аумағы 7 мың шаршы метрден асатын өндірістік кешенде өнім құюға арналған роботтандырылған желілері бар цех, қоймалар және жеке зертхана орналасқан. Хош иістердің формулалары Францияның Грасс қаласындағы парфюмерлермен бірлесіп әзірленеді. 2022 жылы өндіріс кеңейтілгеннен кейін өнім шығару көлемі жылына 2 млн-нан 5 млн құтыға дейін өсті. Өндіріс толық қуатында жұмыс істеген жағдайда фабрика жылына 7 млн дана өнім шығара алады. Кәсіпорынның жылдық айналымы 5 млрд теңгеден асады. Жұмыс істеген кезеңде 12,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Кәсіпорында 100-ден астам адам еңбек етеді.

    Өнімнің шамамен 95%-ы негізінен Ресейге және ЕАЭО-ға мүше басқа елдерге экспортталады. Беларуське өнім жеткізу басталды, Тәжікстан және Өзбекстанмен келіссөздер жүргізілуде. Компанияның ТМД елдеріндегі фирмалық дүкендері мен сауда нүктелерін қамтитын дистрибьюторлық желісі 650-ден астам нысаннан тұрады. Компания Астанада тері күтімі және сәндік косметика өндіретін екінші зауыт салуды жоспарлап отыр. Жаңа өндіріс экспортқа бағдарланатын болады.

    «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС.Жамбыл облысындағы «Jibek Joly» АЭА аумағында Қазақстандағы алғашқы сутегі асқын тотығын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның құны – 30 млрд теңге.

    Кәсіпорын жылына 60 пайыздық концентрациядағы 30 мың тонна сутегі асқын тотығын өндіреді. Сонымен қатар күкірт қышқылын шығару көзделген. Өндіріс палладий катализаторы қолданылатын антрахинон әдісіне негізделген. Негізгі технологиялық жабдықтар орнатылды, қазір кәсіпорын іске қосу-баптау жұмыстарына дайындалуда. Зауытты 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Жоба аясында 40 жұмыс орны ашылады.

    Сутегі асқын тотығы химия, целлюлоза-қағаз және тоқыма өнеркәсібінде, сондай-ақ өнеркәсіптік тазарту және суды дайындау процестерінде қолданылады. Қазіргі уақытта бұл өнім елімізге негізінен шетелден импортталады. Сондықтан зауыттың іске қосылуы импортты алмастыруға және өнімнің экспорттық әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

    Аталған кәсіпорындардың қызметі, сондай-ақ «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» зауытының құрылысы арнайы экономикалық аймақтарда салалық өндірістік тізбектердің қалай қалыптасатынын көрсетеді. Мұндай тізбектер ас тұзы мен мұнай коксын өңдеуден бастап, алюминий өнеркәсібіне қажетті шикізат, суды тазартуға арналған реагенттер және экспортқа шығарылатын дайын парфюмерия өндірісіне дейінгі процестерді қамтиды. Дайын инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау шараларының арқасында АЭА қатысушылары өндірісті жедел іске қосып, импортты алмастыруға және экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік алады.

    Еске сала кетейік, QazIndustry Қазақстандағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін үйлестіреді әрі бірыңғай үйлестіру орталығы болып табылады. Қазіргі уақытта елімізде 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Олардың аумағында 561 инвестициялық жоба іске асырылған. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 11,5 трлн теңгені құрап,38 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары