Қазақстанда 2030 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі бойынша 600 жаңа жоба іске қосылады

    Үкіметтің баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев журналистерге жаңа өнеркәсіп орындарын іске қосу жөніндегі жоспарлар мен өндірістік қуаттар теңгерімін бағалаудың жаңа әдістемесі туралы ақпарат берді.

    Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, елімізде 2030 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі саласында шамамен 600 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Өткен жылы 190 жоба іске қосылған, ал осы жылдың соңына дейін 200 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның бүгінде 116-сы жүзеге асырылды.

    Келешегі зор жобалардың қатарында Қарағанды мен Абай облыстарында салынатын екі жаңа мыс балқыту зауыты, Павлодар облысындағы «Ертіс» гидрометаллургиялық комбинаты, Жамбыл облысындағы «ЕуроХим-Қаратау» өндірістік кешені аталды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында калий тұздарын өндіру кешенін, ал Маңғыстау облысында аммиак-карбамид өнімдерін шығаратын кешен салудың маңыздылығы атап өтілді.

    «Бұл жобалар ауқымды инвестициялар, жаңа технологиялар тартуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Алдағы екі жылда өнеркәсіп саласында үлкен серпіліс болады деп есептеймін. Мысалы, Қостанай облысындағы KIA Қазақстан автокөлік зауыты мен Алматыдағы мультибрендті зауыттың айналасында шағын және орта бизнес кластері қалыптасып келеді. Отандық кәсіпкерлер автокомпоненттер, мультимедиялық жабдықтар, орындықтар, сымдар шоғыры және басқа да өнімдер өндіруде. Бұл – бірлескен күш-жігердің нәтижесі. Аталған жобалардың әрқайсысы миллиардтаған инвестиция әкеледі», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

    Министр Президенттің металлургия саласындағы өндіріс орындары теңгерімінің бұзылуына жол бермеу жөніндегі тапсырмасына арнайы тоқталды. Бұл ретте Қазақстанда өндірілетін болаттың шамамен 80%-ын шығаратын флагмандық «Qarmet» компаниясы мысалға келтірілді. Жаңа кәсіпорындар ашудың қаншалықты қажет екені мұқият зерделенеді. Осы мақсатта Кәсіпкерлік кодексі мен «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау тетігі бойынша өзгерістер енгізілді.

    Министрлік тиісті әдістемені әзірлеп, бекітті. Ол қолданыстағы өндіріс орындарын, ішкі нарықтың қажеттіліктерін және өнімді экспорттау мүмкіндіктерін ескере отырып, жаңа өндіріс ошақтарын құру қажеттілігін бағалауға мүмкіндік береді.

    Бағалау нәтижелері мемлекеттік қолдау көрсету кезінде де ескеріледі. Министрдің айтуынша, мұндай тәсіл Қазақстандағы барлық өнеркәсіптік жобаларға қолданылады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары