Сарапшылар Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асырудың экономикалық қырларын талқылады

    1 / 3

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерді іске асыру аясында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ (ҚТК) және «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ-мен бірлесіп, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне арналған сараптамалық талқылау өткізді.

    Президенттің 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі бастамасы құрылыс кешенін дамыту, инвестициялар тарту және отандық өндірісті ұлғайту бойынша жаңа бағдарларды айқындайды. Іс-шара бастаманы жүзеге асырудың экономикалық, инвестициялық және салалық қырларын жан-жақты қарастырудың тиімді алаңына айналды. ҚСЗИ, ҚТК және «QazIndustry» өкілдері сараптамалық талдау, тұрғын үй саласын қаржыландыру тетіктері мен өнеркәсіпті дамыту мүмкіндіктерін ұштастыра отырып, Қазақстандағы жаңа құрылыс кезеңінің перспективалары жөніндегі ортақ пайымдарын «Қазақстандағы кең көлемді халықтық құрылыс: ауқымы мен даму көкжиегі» атты талдамалық баяндамада ұсынды.

    ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов бағдарламаның инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және отандық өнеркәсіпті жаңғыртуға бағытталған Жолдаудың кең ауқымды экономикалық күн тәртібінің бір бөлігі екеніне тоқталды.

    «Алдағы уақытта жүргізілетін ауқымды құрылыс елдің қаржылық, инвестициялық, өндірістік және еңбек ресурстарын жұмылдыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік инвестициялар инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру көзі ғана емес, сонымен қатар жеке капитал тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және сабақтас салаларды дамытуға серпін беруге тиіс», – деп атап өтті Жандос Шаймарданов.

    «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және тұрғын үй саласын қаржыландыру тетіктерін дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін жетілдірудің, азаматтардың баспана сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтудің, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы көлемінің өсуі мен халықтың төлем қабілетті сұранысы арасындағы байланысты қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

    «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев тұрғын үй құрылысын дамыту перспективаларына, мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктеріне және жеке инвестициялар тарту мәселелеріне тоқталды.

    «Тұрғын үй құрылысы – соңғы жылдары пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі жағынан рекордтық деңгейге жеткен құрылыс саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте құрылыс көлемін ұлғайту қалаларымыз бен ауылдық елді мекендерімізде жайлы орта қалыптастыру үшін инженерлік желілерді, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды кешенді түрде дамытуды талап етеді. Жобаларды жүйелі іске асыру үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігі мен жеке инвестициялар тарту тетіктері маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті Алтай Күздібаев.

    «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасы Эльдар Гумаров жаңа құрылыс кезеңінің отандық өнеркәсіп өндірісі мен экономиканың сабақтас салаларын дамыту үшін зор әлеуетке ие екенін жеткізді.

    «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы – бұл инфрақұрылым нысандарын салу науқаны ғана емес, нақты іске асырылып жатқан қуатты өнеркәсіптік саясат», – деген Эльдар Гумаров ел ішінде қосылған құны жоғары өнімдер үлесін арттыру қажеттігін атап өтті.

    Бірлескен «Қазақстандағы кең көлемді халықтық құрылыс: ауқымы мен даму көкжиегі» атты талдамалық баяндаманың таныстырылымы барысында еліміздің құрылыс нарығының қазіргі жай-күйі мен даму қарқынына, ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларына, сондай-ақ құрылыстағы өңірлік белсенді іс-қимылдар ерекшеліктеріне қатысты талдау жасалды. Тұрғын үй құрылысын дамытуға, оны қаржыландыру тетіктеріне, сондай-ақ құрылыс материалдары мен жабдықтарына деген өсіп келе жатқан сұранысты отандық өнеркәсіптің қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар ауқымды құрылыстың инвестиция тарту, сабақтас салаларды дамыту, өндірістік кооперацияны нығайту және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қазақстандық кәсіпорындардың қатысуын кеңейту сияқты ықтимал экономикалық әсерлері де қарастырылды.

    Сараптамалық пікірталас барысында қатысушылар құрылыс кешенін дамыту перспективаларын, инфрақұрылымдық инвестициялардың экономикалық тиімділігін арттыру тетіктерін, отандық өндірісті кеңейту және шағын және орта бизнесті ауқымды жобаларды іске асыруға тарту мүмкіндіктерін талқылады.

    Талқылау Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру бойынша сарапшылар, даму институттары мен бизнес өкілдері арасындағы алдағы өзара іс-қимыл бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары