ШҚО-да жол инфрақұрылымы бойынша бірнеше ірі жоба жүзге асырылуда

    1 / 9

    Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен автокөлік жолдары саласына қатысты жиналыс өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

    Өңірде автокөлік жолдарының сапасын жақсарту, көлік қатынасын дамыту және жол бойындағы сервисті жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы жылы облыста республикалық маңызы бар 330 шақырым және жергілікті маңызы бар 300 шақырым жол жөнделді. Жалпы алғанда, бұл - 630 шақырым жол.

    ШҚО-да жол инфрақұрылымы бойынша бірнеше ірі жоба жүзге асырылуда

    Қазір Шығыс Қазақстанда бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, «Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары» тасжолындағы Тереңсай асуын айналып өтетін жаңа жол пайдалануға берілді. Өскемен қаласында салынып жатқан жолайрықтың Қаныш Сәтбаев даңғылына қарай бағытталған бөлігінде техникалық қозғалыс ашылды.

    ШҚО-да жол инфрақұрылымы бойынша бірнеше ірі жоба жүзге асырылуда

    Сондай-ақ Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір салу жобасын іске асыру басталды.

    Аталған жобалар өңіраралық және ауданаралық көлік қатынасын жақсартуға, жол жүру уақытын қысқартуға және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Аймақта жол жөндеу жұмыстарының сапасына да ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен келісімшарттар жасалып, нормативтік талаптардың сақталуын бақылау күшейтілді. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылдау және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін облыстық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, қала және аудан әкімдіктерінің, автокөлік жолдарының сапасын бақылайтын ұйымдардың өкілдері енді. Автожол саласын дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында ҚР Көлік министрлігімен де бірлескен жұмыс жүргізілуде.

    Жол инфрақұрылымын цифрландыру бағытында E-Joldar бірыңғай платформасы аясында облыстық маңызы бар автокөлік жолдарына кешенді диагностика жасалып, олардың цифрлық паспорттары әзірленді. Биыл бұл жұмыс аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көше-жол желісінде жалғасуда.

    Тағы бір маңызды мәселе - ауыр жүк көліктерінің жолға түсіретін салмағын бақылау. Автокөлік жолдарының мерзімінен бұрын бүлінуіне жол бермеу мақсатында Күршім ауданындағы «Үлкен Нарын-Күршім» жолының 132-шақырымында көлік құралдарының салмақтық параметрлерін автоматты түрде өлшейтін кешен орнатылды. Бұл учаске кен тасымалдайтын ауыр жүк көліктерінің қозғалыс бағытына кіреді. Қазір осындай тағы бір кешен орнату мәселесі пысықталып жатыр.

    Жол инфрақұрылымының дамуы тек асфальт төсеумен шектелмейді. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, әсіресе ұзақ сапар кезінде санитарлық-гигиеналық тораптардың қолжетімділігін қамтамасыз ету де маңызды. ШҚО Туризм және инвестиция басқармасының дерегінше, бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 50 санитарлық-гигиеналық торап жұмыс істейді. Оның 20-сы субсидияланады. Биыл басқарма туристік бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, өңірдегі жол бойындағы сервистік нысандарда қосымша 12 санитарлық-гигиеналық торап орнатты.

    Сонымен бірге олардың санитарлық жағдайы мен күтіп-ұсталуына қойылатын талаптар күшейтілді. Егер нысан тиісті деңгейде күтіп ұсталмаса, субсидиялау тетігі бойынша шаралар қабылданады. Яғни екі рет ескерту берілгеннен кейін үшінші заңбұзушылық анықталса, субсидия төлеу тоқтатылады. Бұл талаптар қызмет көрсету сапасын арттырып, жол бойындағы нысандардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

    Жалпы, аймақта қолға алынған шаралар жолдардың сапасы мен өткізу қабілетін арттыруға, қолданыстағы инфрақұрылымды сақтауға және тұрғындар мен өңір қонақтары үшін қауіпсіз әрі жайлы жол жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары