ШҚО-да 120 экологиялық тексеру жүргізілді: 235 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді

    1 / 2

    Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысының Экология департаменті табиғат пайдаланушыларға қатысты жүргізілген 120 тексеруді аяқтады. Нәтижесінде заңнама талаптарын бұзудың 122 дерегі анықталып, жалпы сомасы 371,5 млн. теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 235,8 млн. теңгесі өндірілді.

    Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов мәлімдеді.

    Тексеру қорытындысы бойынша 167 әкімшілік хаттама толтырылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 66 нұсқама берілді. Бүгінге дейін 135 қаулы бойынша айыппұл өндірілген. Қалған 32 қаулыдағы жалпы сомасы 135,7 млн теңге айыппұлды ерікті түрде төлеу мерзімі әлі аяқталған жоқ.

    Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі - Өскемендегі ауа сапасын бақылау. Осы мақсатта мамандар «Казцинк» ЖШС мен «Шығыс Жылу» АҚ кәсіпорындарына жоспардан тыс тексеру жүргізді.

    Ақпан - наурыз айларында «Казцинк» ЖШС-нің Өскемен металлургиялық алаңында ластаушы заттардың нормативтен асып, қайталанып шығарылғаны, бұдан бөлек газ тазарту жабдықтарын пайдалану кезінде бірқатар заңбұзушылық бары анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға нұсқама беріліп, 20,1 млн теңге айыппұл салынды. Айыппұл толық өндірілді.

    Мамыр айында «Казцинк» ЖШС-нің Мырыш зауытында да экологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 60,5 млн теңге айыппұл салынды.

    Жылумен жабдықтау нысандарында да заңбұзушылықтар тіркелді. «Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығына жүргізілген тексеру барысында ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарылуы, қолайсыз метеорологиялық жағдайларда шығарындыларды азайту шараларының жеткіліксіздігі және газ тазарту жабдықтары тиімділігінің жобалық көрсеткіштерге сәйкес келмеуі анықталды. Кәсіпорынға 4,2 млн теңгеден астам айыппұл салынып, кемшіліктерді жою жөнінде нұсқама берілді.

    Тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы талаптардың сақталуы да бақылауда. Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеп, бекітпегені үшін облыстың он қаласы мен ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асты.

    Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары