ШҚО мен Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы ынтымақтастықты кеңейтуде

    1 / 6

    Өскемен мен Бішкек қалалары арасында тікелей әуе рейсін ашу бастамасын Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қырғызстан астанасында өткен Өңіраралық ынтымақтастықтың II форумында көтерді. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен жиында екі өңір арасындағы туристік әріптестікті дамыту мәселесі талқыланды.

    Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ШҚО әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Ыстықкөл облысындағы өкілетті өкілінің аппараты меморандумға қол қойды.

    Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев пен Қырғыз Республикасы Президентінің Ыстықкөл облысындағы өкілетті өкілі Бақытбек Жетігенов экономика, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет, спорт және әлеуметтік саясат салаларындағы бірлескен жұмыстың мүмкіндіктерін де талқыға салды.

    Форумда сөз сөйлеген Ренат Құрмамбаев Шығыс Қазақстан мен Ыстықкөл облысының табиғи және мәдени әлеуеті бірін-бірі толықтыратынын атап өтті. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан үшін Қырғызстанның таулы бағыттар бойынша туристік маршруттар ұйымдастыру, альпинизмді дамыту және саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тәжірибесі қызығушылық тудырады. Бұл әсіресе Алтайдың ең биік шыңы - Мұзтау маңындағы аумақтар үшін өзекті. Аталған өлке альпинистер мен тау туризмін ұнататын саяхатшылардың назарын аударып келеді.

    Өз кезегінде Шығыс Қазақстан марал шаруашылығын дамыту және пантымен емдеу бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын. Облыс әкімі орынбасарының пікірінше, Ыстықкөл өңірінің табиғи-климаттық жағдайы Қырғызстанда да осы саланы дамытуға мүмкіндік береді.

    Тәжірибе алмасудың тағы бір бағыты - Бішкектен Ыстықкөлге қатынайтын туристік пойыздарды ұйымдастыру. Сонымен қатар ШҚО делегациясы екі қала арасында тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделі екенін жеткізді.

    «Өскемен мен Бішкек қалалары арасында тікелей әуе рейстерін ұйымдастыру мүмкіндігін бірлесіп қарастыруды ұсынамыз. Сондай-ақ кадр даярлау, туристік қызмет сапасын арттыру, ауылдық және экологиялық туризмді дамыту бағыттарында тәжірибе алмасуға ниеттіміз», - деді Ренат Құрмамбаев.

    Екі өңір арасында қол қойылған меморандум тек туризм саласындағы ынтымақтастықпен шектелмейді. Құжатта студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен инвестициялық жобаларды әзірлеу және іске асыру, кәсіпорындардың түрлі бағдарламаларға қатысуына қолдау көрсету көзделген. Сонымен қатар тараптар экономика, ауыл шаруашылығы, мәдениет және туризм бағыттары бойынша көрмелер мен сауда жәрмеңкелерін өткізуге уағдаласты.

    Тақырыптық сессия аяқталған соң екі ел кәсіпкерлері Бішкектегі Конгресс-холлдың баспасөз орталығында B2B форматында кездесіп, өзара тиімді әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары