Қажымұқан атындағы Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған жекпе-жек түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушісі Кирилл Проходов семсерлесуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Байрақты бәсеке Бахрейн Корольдігінің Манама қаласында өтуде.
Семсерлесудің шпагамен сайысу түрінен өткен жекелей жарыста Шығыс Қазақстан облысының өкілі жоғары спорттық шеберлігін көрсетіп, турнирдің барлық кезеңінен сәтті өтті.
Топтық кезеңде Кирилл алты жекпе-жектің бесеуінде жеңіске жетіп, тікелей жеңіліп шығу кезеңіне жолдама алды.
1/16 финалда Макао өкілі Сунг Ка Вингті 15:8 есебімен жеңді. Келесі кезеңде Қырғызстан спортшысы Даниил Лепиховтан 15:14 есебімен басым түсті. Ширек финалда қазақстандық Георгий Тинниковты 15:9 есебімен ұтса, жартылай финалда Қырғызстан өкілі Барсбек Райымбековтен 15:10 есебімен басым болды.
Алтын медаль үшін өткен финалдық кездесуде Кирилл Гонконг спортшысы Вонг Пак Юдпен кездесті. Тартысты жекпе-жек нәтижесінде шығысқазақстандық спортшы 15:12 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Кирилл Проходов семсерлесуден шпагамен сайысу бойынша 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының жекелей сынында топ жарып, құрлық чемпионы атанды.
Спортшыны жарысқа Ксения Вендерских пен Александр Пеньков жаттықтырушылары дайындады.
Бұл жеңіс спорт мектебі мен бүкіл Шығыс Қазақстан облысы үшін маңызды жетістік болды. Спортшыны және оның жаттықтырушыларын айтулы жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да толағай табыстар мен халықаралық аренада жаңа жеңістер тілейміз!









