Өскемен қаласында заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған Гематология орталығы пайдалануға берілді. Жаңа медициналық мекеме Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының тұрғындарына күрделі гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.
Оның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Ауқымды жобаның құрылысы 2020 жылы басталған болатын. 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен нысан құрылысын аяқтауға Арнайы мемлекеттік қордан 34 млрд теңге бөлінді. Жаңа медициналық кешеннің жалпы аумағы 38 мың шаршы метрден асады. Инфрақұрылым құрамына 148 орынға арналған негізгі емдеу корпусы, пациенттер мен оларды алып жүретін адамдарға арналған пансионат және инженерлік жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін техникалық блок кіреді.
Орталық әлемнің жетекші өндірушілерінің заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Мұнда 256 тілімді компьютерлік томограф, жоғары қуатты ангиографиялық жүйелер және дің жасушаларын өсіруге арналған зертханалар орнатылған.
Жоғары технологиялық жабдықтар онкогематологиялық аурулар мен қан тамырлары патологияларын дәл диагностикалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар орталықта сүйек кемігін трансплантациялау сияқты күрделі медициналық рәсімдерді жүргізу қарастырылған.
Жаңа орталықтың ашылуы өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Енді Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының тұрғындары күрделі гематологиялық ауруларды анықтау мен емдеу бойынша жоғары технологиялық медициналық қызметтерді осында ала алады. Бұл пациенттердің республикалық клиникаларға бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Орталықтың медициналық және техникалық қызметкерлері де жұмысқа дайындалды. Дәрігерлер, инженерлер мен медбикелерден тұратын 35 маман жетекші республикалық және шетелдік клиникаларда оқудан өтті.
Айта кетейік, жаңа Гематология орталығының іске қосылуы Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға, күрделі ауруларды ерте анықтау мүмкіндіктерін кеңейтуге және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етпек.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).









