ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «2026–2027 жылдардағы қысқы кезеңге дайындық» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Жиында өңірдің төтенше жағдайларға дайындығы, коммуналдық инфрақұрылымның жұмысы, жол қауіпсіздігі, көмір және жанар-жағармай қоры, сондай-ақ ауа райы болжамы талқыланды.
ШҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Эльдар Шаймардановтың айтуынша, өңірде төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 3360 адам мен 905 бірлік техникадан тұратын күштер мен құралдар тобы жасақталған. Оның құрамында 318 қар тазалау, 234 инженерлік, 225 эвакуациялық және 128 өзге де жоғары өтімді техника бар.
Зардап шеккен тұрғындарды эвакуациялау және құтқарушыларды тасымалдау үшін Өскемен әуежайында ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағы кезекшілік атқарады. Сонымен қатар облыста жеті жылыту пункті жұмыс істейді. Жол бойындағы жалпы сыйымдылығы 1325 адам болатын 28 кафе қажет болған жағдайда жылыту және тамақтандыру пункттері ретінде пайдаланылмақ.
Халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз ету
Қысқы кезеңде тұрғындарды азық-түлікпен, бірінші кезектегі тауарлармен және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету үшін 72 жылжымалы құрылым дайындалған. Оның ішінде 17 тамақтандыру пункті, 22 азық-түлікпен, 13 киім-кешекпен жабдықтау пункті және 20 жылжымалы жанармай құю станциясы бар.
Аталған бағыттар бойынша кәсіпорындармен тиісті келісімдер жасалған. Атап айтқанда, тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша – 72, азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша – 126, азық-түлік емес тауарлар бойынша – 51 және жанар-жағармай материалдары бойынша 14 келісім бар.
Қазіргі уақытта облыстағы 152 жанармай құю станциясында 18,1 мың тонна жанар-жағармай қоры жинақталған. Оның ішінде АИ-92 маркалы бензин – 9,5 мың, АИ-95 – 3,1 мың және дизель отыны – 5,5 мың тоннаны құрайды.
Энергетика және коммуналдық инфрақұрылым
Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өкілдері қысқы кезеңге дайындық жұмыстары туралы баяндады. Жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталып, қазіргі уақытта штаттық режимде өтіп жатыр. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жылумен бекітілген температуралық кестеге сәйкес қамтамасыз етілуде.
Авариялық жағдайларға жедел ден қою үшін энергетика саласында 38 маман мен 12 бірлік техника, коммуналдық желілерде 11 маман мен 3 бірлік техника, «Шығыс Жылу» АҚ-да 20 маман дайын. Аудандық коммуналдық кәсіпорындарда 57 адам мен 48 бірлік техника жұмылдырылған.
Жоспарланған 44,7 шақырым жылу желісін жөндеу толық аяқталған. Сондай-ақ 34 орталықтандырылған және 212 автономды қазандық қысқы кезеңге дайын. Жөндеу және дайындық жұмыстарына 28,3 млрд теңге бөлінген.
Облыстың жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 3 млн 87,5 мың тоннаны құрайды. Бюджеттік ұйымдарға көмір толық жеткізілген. Үш жылу электр орталығының қоймаларында 323 мың тонна, шағын жылу көздерінде 91,7 мың тонна көмір қоры бар. Халықты көмірмен қамтамасыз етуді 18 өңірлік оператор жүзеге асырады.
Жол қауіпсіздігі және ауа райы болжамы
Қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері алты негізгі бағыт пен екі стационарлық бекетте тәулік бойы кезекшілік атқарады. Қар басу қаупі бар учаскелерде 65 уақытша бекет қарастырылған. Қолайсыз ауа райында жол қозғалысын шектеу және көлік колонналарын алып жүру тәртібі де пысықталған. Өткен қысқы кезеңде облыстың республикалық және облыстық маңызы бар жолдарында көлік қозғалысы 160 рет шектелген.
Сонымен қатар қолайсыз ауа райы кезінде мектептерде сабақтарды тоқтату және қашықтан оқыту форматына көшіру тәртібі қарастырылған. Тиісті шешім ауа температурасы мен желдің жылдамдығын ескере отырып қабылданады.
«Қазгидромет» филиалының болжамына сәйкес, 2026–2027 жылдардағы қыс салыстырмалы түрде жылы әрі қарлы болады деп күтілуде. Желтоқсан мен қаңтарда ауа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары, ал ақпанда норма шамасында болады. Жауын-шашын желтоқсан мен ақпан айларында нормадан көп түсуі мүмкін.
Жауапты мемлекеттік органдар қысқы кезеңде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз жұмысына бағытталған шараларды бақылауда ұстайды.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









