Президент Жолдауы: «Халықтық құрылыс» және Қазақстанның геологиялық барлау, сумен жабдықтау мен өнеркәсіпті дамыту салаларындағы жаңа тәсілдер

    ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы баяндады.

    Президенттің жер қойнауын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жұмыс екі бағыт бойынша жүргізіледі:

    Жер қойнауын зерттеу ісінде озық технологияларды қолдану.

    Елімізде алғаш рет 1:50 000 масштабтағы мемлекеттік геологиялық түсірілім басталды. Алдағы үш жылда шамамен 100 мың км² аумақта 20 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жұмыс барысында дәстүрлі әдістермен қатар, белгісіз кен орындарын анықтауға арналған Ionic Leach технологиясы, жасанды интеллект, спутниктік деректер және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады. Келешегі бар 7 нысан туралы алдын ала деректер алынды. Перспективалы екені расталған учаскелерді келесі жылы аукционға шығаруға дайындау көзделуде

    Геологиялық деректерді цифрландыру.

    Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына 70 мыңнан астам геологиялық есеп пен зерттелген аумақтардың 109 мың контуры орналастырылды. Бастапқы геологиялық ақпараттың 100%-ы, яғни шамамен 4,8 млн бірлік цифрландырылды.

    «Келесі кезеңде материалдарды платформаға жинақтау, тарихи деректерді машина оқитын форматқа көшіру және оларды жасанды интеллектіні қолдана отырып жүйелеу көзделіп отыр. Бұл жинақталған мәліметтерді жаңа кен орындарын іздеуде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді вице-министр.

    Мемлекет басшысының халыққа «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында берген тапсырмалары аясында ел өнеркәсібін дамытудың басым бағыттарына назар аударылды. Олардың қатарында технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізу, отандық өндірісті дамыту және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру бар.

    Стратегиялық маңызы бар материалдар саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді шешу үшін арнайы комиссия жасақтау, Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциясын одан әрі тереңдету, сондай-ақ Астанада аса маңызды шикізат материалдары саласында Ұлттық зертхана құру көзделіп отыр. Бұл шикізат базасын игерудің басым бағыттарын айқындауға және импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

    Бұдан бөлек, артық өндірістің алдын алу және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында министрлік Өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау әдістемесін бекітті. Ол жаңа жобаларды нарықтағы сұранысты, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды және ресурстардың қолжетімділігін ескере отырып бағалауға қолайлы жағдай туғызады.

    «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында нарықтың қажеттіліктерін, отандық өндіріс қуаттарын кеңейту бағыттарын айқындау және жаңа жобаларға инвесторлар тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар құрылыс жобаларын іске асыру кезінде отандық құрылыс материалдарын импорттық өнімдермен негізсіз алмастыруға жол бермеу шаралары көзделеді.

    Елішілік құндылықтар үлесін арттыру үшін ынталандыру және жүйелеу шараларын іске асыру арқылы реттелетін сатып алуларда қазақстандық тауар өндірушілердің (ҚТӨ) өнімдерін ілгерілету шаралары қабылданады. Отандық кәсіпорындар арасындағы өндірістік кооперацияны нығайту және түпкілікті өнім өндіруді ынталандыру мақсатында өнеркәсіптік кластерлерді дамыту моделі әзірленіп жатыр.

    ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс саласы мен коммуналдық инфрақұрылым бойынша жұмысы жалпы үш негізгі бағытта жүргізіледі:

    Суды көп пайдаланатын ірі кәсіпорындарды қайта өңделген суды тұтынуға көшіру.

    Бұл міндетті іске асыру үшін халықаралық тәжірибелер мен қолжетімді технологиялар зерделеніп, суды көп тұтынатын ірі кәсіпорындарға түгендеу жүргізіледі және заңнамаға қажетті өзгерістер әзірленеді.

    Ауылдарды сумен сапалы әрі үздіксіз қамтамасыз ету.

    Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан халқы ауызсумен толық қамтамасыз етілді. Ендігі міндеттер – судың үздіксіз берілуін жолға қою, көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасын сақтау және салынған нысандарды орнықты пайдалану. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдар ауылдық сумен жабдықтау жүйелеріне түгендеу жүргізіп, су беру ісінде үзілістер әлі де орын алатын елді мекендер мен нысандарды анықтайды.

    Құрылыс саласындағы ауқымды міндеттерді іске асыру.

    Биыл Қазақстанда рұқсат беру рәсімдерін цифрландыруды, құрылысқа бақылауды күшейтуді және нысандардың кепілдік мерзімдерін ұзартуды көздейтін жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жоспарлау кезінде өңірлік стандарттар жүйесі қолданылады.

    Бұдан бөлек, жаңа шағын аудандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын қосу арқылы жалпыұлттық инфрақұрылымдық жобалар тізбесін кеңейту мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

    Құрылыс сапасын қамтамасыз ету және белгіленген мерзімдердің сақталуын бақылау мақсатында «Е-Құрылыс» ақпараттық жүйесінде атқарушылық техникалық құжаттаманы жүргізу арқылы жобалардың іске асырылуына бақылау күшейтіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары