Ерсайын Нағаспаев Республика күніне орай өнеркәсіп саласы қызметкерлеріне наградалар табыстады

    1 / 5

    ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Республика күні – Ұлттық мерекеге арналған салтанатты жиын өтті.

    Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуына негіз қалаған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызын атап өтті.

    «Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қуатты әрі бәсекеге қабілетті экономиканы дамытып, халықаралық аренада лайықты орынға ие болып отыр. Жаңа Конституцияның қабылдануы, бір палаталы Құрылтайға көшу және мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту — мемлекетіміздің дамуына жаңа серпін берген маңызды өзгерістер. Бұл реформалардың басты мақсаты — халықтың өмір сүру сапасын арттыру, азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау және еліміздің тұрақты дамуының берік негізін қалыптастыру», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

    Ел басшылығы алға қойған экономиканың әлеуетін одан әрі арттыру міндеттерін іске асыруда өнеркәсіп пен құрылыс саласы ерекше рөл атқарады. Инвестиция тарту, өңдеу секторын дамыту, құрылыс сапасын арттыру, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні белсенді енгізу басым бағыттар саналады.

    «Отандық өндірісті дамыту және Қазақстанның экономикалық әлеуетін нығайту үшін бар күш-жігерімізді салатынымызға сенімдімін. Республика күні құтты болсын! Отанымызға өркендеу, бейбітшілік пен келісім тілеймін!» — деп түйіндеді министр.

    Салтанатты жиын қорытындысында өнеркәсіп салаларының бірқатар өкілі мен министрлік қызметкерлері мемлекеттік наградалар — «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Марапатталғандар қатарында слесарьлар, үңгілеушілер, бригадирлер, геолог-ғалымдар және басқа да қызметкерлер бар.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары