2026 жылғы 14–16 қазанда ҚР ӨҚМ «Минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталық» РМК филиалы – Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институты (бұдан әрі – Д.А. Қонаев атындағы ТКИ) делегациясы Екінші халықаралық «Даму жолындағы әріптестік» тау-кен форумына қатысты. Салалық ауқымды іс-шара Бішкек қаласындағы И. Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің (ҚМТУ) базасында өтті.
Форумның басты оқиғасы пленарлық отырыс болды. Онда минералдық-шикізат секторының дамуының стратегиялық бағыттары, геологиялық барлау мен жер қойнауын пайдалануды цифрландыру, сондай-ақ тау-кен ісіне «жасыл» технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Форумда Д.А. Қонаев атындағы ТКІ директоры Ержан Утешов құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде:
«Біздің Институттың Қазақстан мен Орталық Азияның жетекші компанияларымен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық орнатуда көпжылдық тәжірибесі бар. Бүгінгі таңда біз жинақталған тәжірибені нақты практикалық бастамаларға айналдыруды ұсынамыз. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі тау-кен ісі мәселелері бойынша Орталық Азия ғылыми-техникалық кеңесін құру болуы мүмкін. Бұл ғылыми әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және өңір елдерінің тау-кен өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірлескен шешімдерді әзірлеуге арналған тұрақты жұмыс істейтін алаң болмақ», — деп атап өтті.
Ғылыми жұмыс жөніндегі директордың орынбасары Евгений Шабельников өңірдегі тау-кен өнеркәсібінің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі стратегиялық әріптестіктің рөліне арналған тұжырымдамалық баяндама жасады.
Форум бағдарламасы қазіргі заманғы тау-кен ғылымы мен өндірісінің маңызды бағыттарын қамтыды. Тақырыптық сессиялар мен панельдік пікірталастар барысында қатысушылар ашық және жерасты тау-кен жұмыстарына арналған озық шешімдерді, цифрлық инновацияларды қолдануды, биік таулы кен орындарындағы геодинамикалық тәуекелдерді бағалау мәселелерін және пайдалы қазбаларды өндіруді геотехникалық сүйемелдеуді қарастырды.
Жаңа буын инженерлік кадрларын даярлауға арналған дөңгелек үстел сарапшылардың ерекше назарын аударды. Талқылау барысында қазіргі заманғы өндірістің өзекті талаптары және тәжірибеге бағдарланған білім беру мүмкіндіктері қарастырылды.
Форум аясында Қырғызстанның жетекші ғылыми ұйымдары мен жер қойнауын пайдаланушы компанияларының өкілдерімен нәтижелі келіссөздер жүргізілді. Кездесулер барысында екіжақты ынтымақтастық орнату және тәжірибе алмасуды тұрақты түрде жүзеге асыру жөнінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Тау-кен өндірісінің өзекті мәселелеріне қатысты тиімді инженерлік және технологиялық шешімдерді бірлесіп іздестіру мақсатында жұмыс кездесулерінің циклін өткізу жоспарланды.
Сапардың негізгі практикалық нәтижелерінің бірі — бірлескен ғылыми-техникалық кеңес құру туралы шешімнің қабылдануы. Бұл бастама ғалымдар мен өндіріс өкілдерінің өзара іс-қимылын сапалы жаңа, жүйелі деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Елдеріміздің ғылыми және практикалық әлеуетін біріктіру, сондай-ақ озық технологиялармен алмасу бүкіл Орталық Азия өңіріндегі тау-кен өнеркәсібінің тұрақты дамуына қуатты серпін береді деп сенеміз.









