Ақмола облысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілуде

    1 / 5

    Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселелеріне арналған Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің брифингі өтті.

    «Қазгидромет» РМК мәліметінше, алдағы күндері өңірде түнгі уақытта ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Осыған байланысты ТЖД пештер мен электр жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығын ескертеді.

    2026–2027 жылдардағы жылыту маусымы басталғалы облыста 23 өрт тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,5%-ға аз. Материалдық шығын шамамен 50,8 млн теңгені құрады. Өрттердің негізгі себептері – электр жабдықтарын пайдалану қағидаларын бұзу және отпен абайсыз әрекет ету.

    Өрттің алдын алу мақсатында ТЖД қызметкерлері 10 мыңнан астам тұрғын үйді профилактикалық жұмыстармен қамтып, 850 мұржаны тазалады. Халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлінуде. Олардың үйлеріне көміртек тотығы мен түтінді анықтайтын 536 датчик орнатылды.

    Сонымен қатар облыста «Ата-анаңның үйін тексер!» республикалық акциясы өткізілуде. Акция тұрғындарды ата-аналары мен жақындарының үйлеріндегі пештердің, мұржалардың және электр сымдарының жай-күйін тексеруге шақырады.

    ТЖД мамандары жанып тұрған пештер мен қосулы электр жылытқыштарын қараусыз қалдырмауды, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеуді, мұржаларды уақтылы тазалауды және тек жарамды жылыту құрылғыларын пайдалануды ескертеді.

    Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласыңыз.

    Жақындарыңыздың қауіпсіздігіне бейжай қарамаңыз – күн суымай тұрып, олардың үйіндегі қауіпсіздік талаптарын тексеріңіз!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары