1 / 6
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Тасты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарылған жұмыстар және алдағы даму жоспарларын талқылады.
Кездесу барысында аудан басшысы ауылдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға тоқталып, елді мекенде жаңадан бой көтерген нысандардың маңызы мен олардың тұрғындар үшін тиімділігіне назар аударды. Әсіресе, жаңа нысандардың іске қосылуы арқылы қосымша жұмыс орындарының ашылуы ауыл экономикасының дамуына серпін беретінін атап өтті.
Мұхит Сексенбайұлы аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға кеңінен тоқталып, әрбір елді мекеннің даму барысы тұрақты назарында екенін жеткізді. Сонымен қатар, алдағы кезеңде де инфрақұрылымды дамыту, халыққа қолайлы жағдай жасау және елді мекендердің көркею бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын айтты.
Айта кетейік, биыл Тасты ауылдық округінде бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталып, нысанның іске қосылуы нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.
Сонымен қатар, А.Бейсенбаев және А.Иманов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Атауы жоқ №4, Жібек жолы, Бейсенбаев-2 және Атауы жоқ №5 көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.
Өткен жылы да округте ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстар жүзеге асқан. Ауыл әкімдігінің жаңа ғимараты салынып, балалар ойын және воркаут алаңдары орнатылды. Жабық футбол алаңы пайдалануға беріліп, ауыл кіреберісіне бейнебақылау камералары қойылды.
Бұдан бөлек, ауылдың көркін арттыру мақсатында «Мен өз елімді жақсы көремін» монументі мен LED экран орнатылып, Мәдениет үйі жанынан жаңа сквер бой көтерді. Ауыл кіреберісіндегі арка абаттандырылып, елді мекеннің сәулеттік келбеті жақсара түсті.
Кездесу барысында тұрғындар аудан басшысына өздерін толғандырған мәселелерін айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында тұрғындар округте атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді. Ақсақалдар елдің бірлігі мен берекесін тілеп, ақ баталарын берді.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген мәселелердің әрқайсысына назар аударды. Тиісті жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде округ әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.









