Елімізде «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бүгін Тарбағатай ауданында ерікті өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Ол Қарасу ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылында орналасқан және бес шалғайдағы елді мекеннің, атап айтқанда, Қарасу, Ақмектеп, Қарой, Шолақорда, Жолқұрылыс ауылдарының 1500-ден астам тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ерікті өрт сөндіру бекетінің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы ТЖД басшылығы мен құтқарушылары, аудан әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Еріктілердің тәулік бойы кезекшілік атқаруы үшін бекетте қолайлы жағдайлар жасалған. Тұрмыстық бөлмелер, жеке құрамның демалыс бөлмелері және қажетті инфрақұрылым жабдықталған. Бекет арнайы техникамен, жауынгерлік киім-кешек жиынтықтарымен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.
Шалғай елді мекендерде осындай бекеттердің ашылуы төтенше жағдайлар орын алған кезде оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартуға, өрт сөндіру жұмыстарын жеделдетуге, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ материалдық шығынды азайтуға мүмкіндік береді.








