Ақтөбеде өнеркәсіпті дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды

    1 / 5

    «Aqtobe IT Hub» алаңында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұловтың Ақтөбе облысының тұрғындарымен, өндірістік кәсіпорындар мен бизнес өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуі өтті.

    Кездесу барысында Рахымжан Исақұлов өнеркәсіп саласының негізгі даму көрсеткіштері, өңірдегі инвестициялық жобалар және отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.

    Оның айтуынша, 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі 8,6%-ға өсті. Ақтөбе облысында тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,1%-ға артқан. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 112,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70,8%-ға өсті.

    Өңірдің өнеркәсіптік жобалар портфеліне жалпы құны шамамен 3,1 трлн теңгені құрайтын 29 жоба кіреді. Оларды іске асыру нәтижесінде 10,6 мың тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Олардың қатарында никель-кобальт кендерін өңдеу зауыты, цемент зауыты және битум зауыты бар.

    2026 жылы өңірде жалпы инвестиция көлемі 8,5 млрд теңгені құрайтын үш өнеркәсіптік жоба іске асырылып, 375 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін құны 29 млрд теңге болатын тағы үш жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың нәтижесінде 572 жұмыс орнын құру көзделген.

    Кездесуде бизнесті мемлекеттік қолдау шараларына, соның ішінде кәсіпорындар шығындарының 40–50%-ын өтеу тетіктеріне де тоқталды. 2026 жылдың тоғыз айында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 416,2 млн теңгеден астам қаражат өтелді. Сонымен қатар Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне 7 293 кәсіпорын енгізілген.

    Кездесу барысында облыс тұрғындары, кәсіпорындар мен бизнес өкілдері құрылыс саласындағы мемлекеттік жобаларды іске асыру, жер қойнауын пайдалану құқықтарын беруге арналған конкурстар мен аукциондар өткізу, шикізатты өңдеу және машина жасау саласын дамыту мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Сондай-ақ өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасу және кәсіпорындарды Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу мәселелері талқыланды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары