Жол жөндеу, көшені жарықтандыру, ауыз су нысандарының жағдайы және техникалық көмек көрсету мәселелері Қарабөгет ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесудің негізгі тақырыптарына айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу жөніндегі тапсырмасы аясында Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қуандық Төлеубеков Сарыөзек, Қарабөгет және Құмөзек ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер таныстырылып, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарына кезек берілді. Жергілікті жұртшылық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға және күнделікті тұрмысқа қажетті мәселелерді шешуге қатысты пікірлерін ортаға салды.
Қоғамдастық төрағасы Ғ. Бадықов Қарабөгет ауылына кіреберіс көшені жөндеу жұмыстарының қашан басталатынын сұрап, көше бойына жарық шамдарын орнату қажеттігін жеткізді. Ол жөндеу жұмыстарын жеделдетіп, көшені тұрғындардың игілігіне пайдалануға берудің маңызын атап өтті.
Ауыл тұрғыны А. Джунисбеков Қарабөгет пен Сарыөзек ауылдарындағы ауыз су нысандарына жөндеу жүргізу мәселесін көтерді. Сондай-ақ А. Жекеев техникамен көмек көрсету жөніндегі өтінішін білдірді.
Жиын қорытындысы бойынша айтылған ұсыныс-пікірлерді орындауға бағытталған іс-шаралар әзірлеу және олардың орындалу барысы туралы тұрғындарға мерзімді түрде ақпарат беріп отыру қажеттігі белгіленді.
Тұрғындар көтерген мәселелер ауылдық округтің өзекті қажеттіліктерін айқындап, алдағы жұмыстарды жоспарлауға негіз болады.









