Ұланбел тұрғындарымен кездесу өтті

    1 / 20

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен жылына кем дегенде екі мәрте кездесулер өткізу жөніндегі тапсырмасы аясында Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қуандық Төлеубеков Ұланбел ауылының тұрғындарымен кездесті.

    Жиында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндалып, одан әрі кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

    Атап айтқанда, ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Атабаев жұмыссыз жүрген ауыл жастарын жұмыспен қамту және ауыз су құбырларында апат болған жағдайда аудан тарапынан көмек көрсету мәселелерін қозғады. Әйелдер кеңесінің төрайымы Ж. Жұмабаева ауыл аумағында жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстарынан түсетін қаражатты елді мекеннің қажеттіліктеріне бағыттау жөнінде ұсыныс білдірді.

    Ауылдың төбе биі Жолшыбек Елубаев Ұланбел – Мойынқұм тасжолы бойында жолдың көрінуіне кедергі келтіретін сексеуілдерге қатысты мәселені көтеріп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Ал зейнеткер Ж. Тұрғамбаева Мойынқұм – Ұланбел бағытындағы автобустың белгіленген кестеге сай қатынауына назар аударуды сұрады.

    Көтерілген сұрақтарға кездесу барысында Қуандық Төлеубеков тарапынан және тиісті бөлімдердің басшылары мен мамандарынан жауаптар беріліп, түсіндірме жасалды. Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты пікірлерін білдіріп, ұсынылған есепті қанағаттанарлық деп бағалады.

    Жиын қорытындысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу және оның орындалуын бақылау ауылдық округ әкіміне міндеттелді. Сондай-ақ көтерілген мәселелердің шешілу барысы туралы ауыл тұрғындарына тұрақты түрде ақпарат беріп отыру тапсырылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мойынқұм ауданының әкімдігі" жаңалықтары