Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі су есепке алу құралдары мен жүйелерін таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларына енгізілген өзгерістерді түсіндіру

    Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 23 қазандағы № 538 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 8 тамыздағы № 295 бұйрығымен бекітілген Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі су есепке алу құралдары мен жүйелерін таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) өзгерістер енгізілді. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 28 қазанда № 40245 болып тіркелді, 2026 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасы НҚА эталондық бақылау банкінде жарияланды және 2026 жылғы 9 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді.

    Енгізілген өзгерістер жарамды суды есепке алу аспаптарын міндетті түрде ауыстыруды көздемейді. Бұрын орнатылған жарамды есептегіштер мерзімдік салыстырып тексеруден уақтылы өткен жағдайда толық физикалық тозғанға, істен шыққанға не салыстырып тексеру нәтижелері бойынша қолдануға жарамсыз деп танылғанға дейін пайдаланыла береді.

    Деректерді қашықтан беретін суды есепке алу аспаптары тек бастапқы орнату кезінде, сондай-ақ істен шыққан, салыстырып тексеру нәтижелері бойынша жарамсыз деп танылған немесе толық физикалық тозуға жеткен аспапты ауыстыру кезінде және Қазақстан Республикасы Су кодексінің 107-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда орнатылады. Бұл ретте Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін пайдалануға берілген және деректерді берудің өзге хаттамалары мен технологияларын пайдаланатын аспаптар мен деректерді жинау және беру құрылғылары толық физикалық тозғанға не істен шыққанға дейін қолданыла алады.

    Өзгерістермен суды есепке алу аспаптарына қойылатын талаптар нақтыланды және технологиялық бейтараптық қағидаты бекітілді: Қағидаларда деректерді қашықтан берудің нақты технологиясы белгіленбейді, сондай-ақ суды есепке алу аспаптарын жапқыш клапанмен міндетті түрде жарақтандыру туралы талап алып тасталды. Бұл суды есепке алу аспаптарын, оның ішінде отандық өндірістің аспаптарын таңдау мүмкіндігін кеңейтеді.

    Сондай-ақ пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге, жөндеуге, салыстырып тексеруді ұйымдастыруға және деректерді қашықтан беруді қамтамасыз етуге кім жауапты екені нақтыланды:

    - жеткізушінің теңгеріміндегі аспаптар бойынша – жеткізуші;

    - су тұтынушылардың меншігіндегі аспаптар бойынша – су тұтынушы;

    - құрылысы аяқталмаған объектілерде – объект пайдалануға берілгенге дейін тапсырыс беруші немесе құрылыс салушы;

    - жеткізушінің теңгерімінде жоқ ортақ үйлік аспаптар бойынша – кондоминиум объектісін басқару органы.

    Су тұтынушылар, кондоминиум объектісін басқару органдары және құрылыс салушылар пломбалар мен жабдықтың сақталуын, сондай-ақ бақылау көрсеткіштерін алу, метрологиялық және сервистік жұмыстарды жүргізу үшін жеткізуші өкілдерінің қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

    Қорек элементін ауыстыру мәселесі жеке реттелді. Кепілдік мерзімі кезеңінде істен шыққан қорек элементтерін ауыстыруды өндіруші (жеткізуші) немесе ол уәкілеттік берген ұйым жүзеге асырады. Егер қорек элементі автономды бөлікте орналасса және оны ауыстыру өлшеу тетігіне, салыстырып тексеру таңбасына және пломбаларға әсер етпесе, кезектен тыс салыстырып тексеру талап етілмейді.

    Айта кету керек, Қағидалардың талаптары елді мекендердің орталықтандырылған желілеріне қосылмаған сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне, сондай-ақ табиғи су объектілерінен алынатын суды бастапқы есепке алуға қолданылмайды.

    Бұйрықтың мәтінімен «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары