Атырауда студент жастардың шығармашылық әлеуеті мен өнерін дәріптеуге бағытталған «Stud Fest 2026» студенттік фестивалінің гала-концерті өтті. Іс-шараға өңірдің 11 оқу орнынан 150-ге жуық студент қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Фестиваль Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Atyrau Students Union (ASU)» жобасы аясында жүзеге асырылды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқу орындары анықталып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Атап айтқанда, Атырау политехникалық жоғары колледжі І орынды иеленіп, 300 мың теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болды. Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі ІІ орын мен 200 мың теңгені жеңіп алса, Атырау жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжі ІІІ орынға табан тіреп, 100 мың теңге иеленді.
Фестиваль студенттердің шығармашылық қабілетін шыңдап, оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








