Алматыда құтқарушыларға арналған жаңа тұрғын үй кешені ашылды

    1 / 20

    Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Алматы қаласында «Құтқарушылар үйі» қызметтік тұрғын үй кешенін ашып, құтқарушылардың сегіз отбасына пәтер кілттерін табыстады. Жоба мемлекеттік бюджет қаражатынсыз, «Қазақстан құтқарушылары» қорының бюджеттен тыс қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

    Жаңа тұрғын үй кешені қаланың Бостандық ауданында, өрт сөндіру бөлімінің жанында орналасқан. Ол екі қабатты таунхаустардан тұрады. Әр үйде кең әрі бірнеше бөлмелі пәтерлер және жеке автотұрақ орындары қарастырылған. Пәтерлердің әрқайсысында үш жатын бөлме, ас үй-қонақ бөлмесі және санитарлық торап бар. Тұрғын үйлер жиһазбен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған, қоныстануға дайын.

    Іргелес аумақта шағын футбол алаңы, балалар ойын алаңы, барбекю аймағы және отбасылық демалысқа арналған күркелер орналасқан. Жақын маңда Batyr Team фитнес-орталығы бар. Қызметкерлер мен олардың жақындары үшін жайлы тұруға, спортпен шұғылдануға және толыққанды демалуға қажетті жағдайлар жасалған.

    «Құтқарушылар үйінің» ашылуы ТЖМ қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жолындағы кезекті қадам болды. Осындай жобаларды бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асыру құтқарушыларды заманауи тұрғын үймен қамтамасыз етуге және олардың отбасылары үшін лайықты жағдай жасауға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі" жаңалықтары